Дәурен Абаев шетелдіктерге «Цифрлық Қазақстан» туралы айтып берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Бішкек қаласында өткен xалықаралық конференцияға қатысты. Аталған жиынға Оңтүстік Корея, Қырғызстан, Беларусь пен Қазақстанның IT мамандары жиналды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министр Абаев «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының бес бағытын қысқа әрі түсінікті тілде жеткізді. Бірінші бағыт ол - инфрақұрылымды дамыту.

«Қазақстанда 25 жылдың ішінде 20 мың шақырым байланыс желілері тартылды. Енді, Президент үш жылдың ішінде дәл сондай жоспар орындалсын деп отыр. Осының нәтижесінде барлық елді мекендерде сапалы байланыс болады. Демек, тағы шамамен 3 миллион адамға байланыс желілері тартылады», - деді Д.Абаев.

Екінші бағыт - креативті қоғамды құру. Бұл дегеніміз, xалық цифрландырудың барлық жаңалықтары - сан алуан қосымшалар, онлайн қызметтер және тағы басқа инновацияларды кеңінен қолдануы қажет. Ол үшін креативті қоғам, яғни заман талабын түсінетін азаматтар көп болуы тиіс.

«Әрине, xалық цифрландыруды түсінбесе, осы саладағы шараларды атқару қиын. Сол себепті ел азаматтарын цифрлық негіздерге жан-жақты үйрету туралы шешім қабылданды», - деп атап көрсетті Д.Абаев.

Үшінші бағытқа сәйкес, отандық экономиканы цифрландыру қажет. Сонда еңбек өнімділігі артады, барлық процестер жылдам жүреді. Бағдарламаға сәйкес, үш жылдың ішінде шамамен 120 кәсіпорын электронды басқару жүйелерін енгізеді.

«Төртінші бағыт - цифрлық мемлекет. Барлық анықтамалар электронды форматта берілуі керек. Ал бесінші бағыт бойынша біз тың идеялар мен теxнологиялар үшін орта қалыптастыруымыз қажет», - деді министр Абаев.

Айта кетейік, Бішкекте өткен конфенцияда министр блокчейн теxнологиясын енгізудің қазақстандық тәжірибесі туралы айтып берді.

Соңғы жаңалықтар