Дәурен Абаев шенеуніктерің айлығы қанша екенін сұрайтын журналистерді сынады
2021 жылғы 9 желтоқсан 21:34

Дәурен Абаев шенеуніктерің айлығы қанша екенін сұрайтын журналистерді сынады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев мемлекеттік қызметшілердің айлығын сұрайтын журналистерге қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мен мұны «хайп» деймін. Жемқорлық заң бұзу болғанда, лауазымдық өкілетін асыра пайдалану болғанда, мемлекеттік қызметшінің әрекеті әдепке жат болғанда сынаса түсінем. Ондай сынды қолдауға болады. Шынын айтқанда, журналистердің министрлер мен әкімдердің айлығы қанша екенін теңдессіз журналистік зерттеу жүргізіп жатқандай кейіппен сұрайтындары маған күлкілі сияқты көрінеді», - деді ол «Ашық диалог» сұхбатында.

Президент Әкімшігі Басшысының бірінші орынбасары мұндай сұраққа тап болатын шенеуніктерге кеңес те берді.

«Ал әкімдіктер мен Үкіметтегі әріптестеріме қызармай, тұтықпай, өз айлығы туралы шындықты айтуға кеңес беретін едім. Мемлекетттік қызметшінің еңбекақысы Президент тапсырмасы бойынша көтерілген болатын. Не үшін? Бұл – құзыреті жоғары мамандар үшін күрес. Білім-білігі төмен мемлекеттік қызметшіге тап болған кезде оның орнында болуы тиіс білікті маманның банкте немесе кез келген коммерциялық компанияда жүргенін түсінесіз», - деді Дәурен Абаев.


Jańalyqtar

MURAǴAT