Дәурен Абаев рұқсат етілген митинг пен заңсыз митингтің айырмашылықтарына тоқталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев 30 маусым күні өткен митингтердің бұған дейінгі заңсыз өткен митингтерден айырмашылығын атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әуелі министр митинг өткізу үшін арнайы орындар белгілеудің қандай қажеті бар екеніне тоқталды.

«Митингке қалыптан тыс дүние ретінде қарауды қою керек. Ылғи айтып келемін, бұл қалыпты, бүкіл әлемде бар тәжірибе. Ең бастысы, митинг барысында тәртіпсіздікке жол бермей, біреудің мүлкіне зақым келуін болдырмау керек. Келісетін шығарсыз, ешкімнің сол митинг кезінде дүкенінің сөрелері қираған кәсіпкердің орнында болғысы келмейді. Сол үшін билік митингтер үшін арнайы орын бөледі, тәртіп күзетін ұйымдастырады. 30 маусымда бәрі дәл осылай болды. Үш акция да мәдениетті бейбіт жиын өткізе алатынымызды көрсеткенін айтқым келеді. Митинг барысында алуан түрлі ұрандар мен талаптар айтылды. Осының бәрі БАҚ-та жарық көрді. Мен билік халықпен өркениетті диалог құруға дайын екенін ылғи айтып келемін. Шетін шараларға барып, тыйым салынған ұйымдардың арандатушылық ұрандарына ерудің қажеті жоқ. Азаматтардың өз талаптарын лигитимді арнада айтуына шынайы жағдай жасалып отыр», - деді Дәурен Абаев.

Бағдарлама барысында ол жастардың «Зерен» атты жазғы лагері бастау алғанын да айтты.

«Бүгін Ақмола облысында жастардың лагерінің алғашқы кезегі бастау алды. Дәл осындай үш кезек болады. Шілденің соңына дейін жалғасуы керек. Бұл ауқымды жұмыс Жастар жылы қарсаңында өтіп отыр. Басты мақсаты - өмірдің әр саласында озық танылған белсенді жастардың басын қосу. Олардың арасында тіпті «100 жаңа есім» жеңімпаздары да, шетелдегі қазақ диаспораларының өкілдері де, жас кәсіпкерлер мен еріктілер де бар. ТМД жастарының өкілдерін де шақырдық. «Зерен» лагері тынығып, көңіл көтеру үшін жасалып жатқан жоқ. Тренингтер өтіп, шеберлік сабақтары ұйымдастырылады. Жаңа әрі бірегей жобалар лагерь алаңында дайындалып, таныстырылады. Тіпті ондай жобалардың алға басуына күш салу көзделген», - деді Дәурен Абаев.

Соңғы жаңалықтар