Дәурен Абаев: Несие берудегі қырағылық нарықты бір күндік компаниялардан тазартады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін «Хабар» телеарнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысына тоқталды. Онда министр еліміздің ілгері дамуына нақты бағыт-бағдар берілгенін атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Президент өз сөзінде екі көрсеткішті ерекше атап өтті. Яғни, Елбасы мемлекет жұмысының тиімділігінің басты критерийі ретінде табыс және өмір сапасын баса айтты. Осынау сөздің ішінде Мемлекет басшысының басты талабы да айқындалып отыр. Сол себепті, негізгі назар экономикалық блок пен аймақтардың дамуына аударылды. Мемлекет басшысының бизнесті несиелеу жұмысына маңыз беруіне ерекше тоқталуға болады. Бұл дегеніңіз, бұдан былай несие өзінің лайықты әл-ауқатын көрсете алатын компанияларға ғана беріледі деген сөз. Шынында да, бұл экономиканың нақты секторын бір күндік компаниялардан тазартады», - деді Дәурен Абаев Хабар арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында.

Министр сонымен бірге Елбасы Үкімет пен жергілікті атқарушы органдарға жеке өндіріс саласына баса маңыз беруді жүктегенін айтты.

«Біздің мемлекетте ресурстар да, кадрлар да, қаржыландыру да бар. Мәселен, 2019 жылы 13 млн шаршы метр тұрғын үй салу көзделуде. Қазірдің өзінде құрылыстағы қазақстандық құрамның үлесі 77 пайызды құрайды. Бұл көрсеткішті дегенмен өсіру керек. Келесі мысал - ауыл шаруашылығы. Бұл салада бізде орасан зор бәсекеге қабілетті артықшылық бар. Өмірзақ Естайұлының баяндамасы (Шөкеев -авт.) қай бағытқа қарай қозғалу керектігін көрсетіп берді. Ең алдымен, цифрлық технологиялар арқылы белсенді түрде нақты жер бөлінісі саласы дамитын болады. Қазірдің өзінде ауыл шаруашылығы полигондары жоғары өнімділікті көрсетуде. Сонымен бірге, игерілер жердің ауқымын арттыру жоспарланған», - деді ол.

Министрдің айтуынша, Президент Қазақстандағы ауылдар экономикалық дамудан шет қалмауы керектігін айқын ұқтырған.

«Міне, сондықтан ауылдарды таза ауыз сумен, сапалы жолдармен және жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз ету мәселелері көтерілді. Жалпы, Мемлекет басшысының тапсырмаларын талдай отырып, Үкіметке ары қарай даму даңғылына анық бағыт-бағдар берілгенін, тиімділіктің нақты индикаторлары қойылғанын атап өтуге болады. Ол индикаторлардың ең негізгілерінің бірі - халықтың жасалған жұмыстарға көңілінің толуы», - деді Дәурен Абаев.

Еске сала кетсек, кеше Үкімет үйінде ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген құрамдағы отырысы өткен болатын.

Соңғы жаңалықтар