Дәурен Абаев: Нәрестені өлтіруге шақыру сөз бостандығы ма

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Хабар арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында қонақта болған ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Қазақстандағы сөз бостандығы мәселесіне қатысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өткен аптада Астанада ХХ Орталық Азия БАҚ конференциясы болып өтті. Бұл шара ЕЫҚҰ ұранымен ұйымдастырылып, онда Қазақстандағы сөз бостандығы мәселесі көтерілген болатын. Осы салаға жауапты министр ретінде айтылған ескертулерге қандай жауап берер едіңіз?» - деп сұрақ қойды бағдарлама жүргізушісі.

Дәурен Абаев өз жауабында аталмыш шара - сөз бостандығы мен журналистер құқығы бойынша аймақтағы басты пікірталас алаңы екенін еске салды.

«ЕЫҚҰ-ның мерейтойлық конференциясының Астанада Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің қатысуымен өтіп жатқаны - біздің диалогқа дайын әрі ескертулер мен кеңестерді қабылдай алатынымызды білдіреді. Мен ЕЫҚҰ-ның БАҚ еркіндігі бойынша өкілі Арлем Дезирмен кездестім. Басқосу барысында біз ары қарай ынтымақтаса жұмыс істеу жолдарын талқыладық. Сынға қатысты айтар болсам, онда Қазақстан ғана емес, барлық Орталық Азия елдері талқыланғанын атап өтуіміз керек. Дезир мырза өз сөзінде Қазақстандық БАҚ-тағы сөз бостандығында айтарлықтай прогресс барын айтты», - деді министр.

Дәурен Абаев өз сөзінде Орталық Азиядағы өзге мемлекеттердей Қазақстанның атына да біршама кеңес берілгенін тілге тиек етті.

«Мәселен, біздің еуропалық әріптестер Қылмыстық кодекстің кейбір баптарын қылмыс деп танымау керектігін айтты. Мысалы, әлеуметтік, ұлттық немесе діни алауыздық туғызу туралы бапты және жалған ақпарат таратқаны үшін қарастырылған бапты алып тастауды ұсынады. Бірақ, біздің ойымызша бұл - жеті рет өлшеп, бір рет кесуді талап ететін мәселе», - дейді ол.

Дәурен Абаев әңгіме барысында Арлем Дезир мырзаның есіне Францияда жуық арада тіркелген бір оқиғаны салғанын атап өтті.

«Ондағы бір белгілі рэпер өз әнінде «ақ нәсілді нәрестелерді өлтіріп, олардың ата-анасының аяқ-қолын шауып тастауға» шақырған. Француз қоғамы бұл әнге үлкен наразылық танытқанымен, кейбір құқық қорғаушылар сөз бостандығы ретінде әнді ақтап алмақ болған. Өзіңіз қалай ойлайсыз? Нәрестелерді өлтіруге шақыру туралы ән - сөз бостандығы ма? Әлде, бұл зорлық-зомбылыққа шақыру ма? Бізде 100 ұлттың өкілдері тұратынын ұмытпайық. Біз көпконфессиялы елміз. Егер бәрі де ертең осындай «өнерге» беріліп кетсе, қайтпек керек? Бейбітшілік, келісім мен азаматтардың жайлы өмірі - біздің басты байлығымыз. Міне, біз осы туралы ешқашан ұмытпауымыз керек», - деді Дәурен Абаев.

Соңғы жаңалықтар