Дәурен Абаев: Моноқалаларды басқару принципі өзгеруі тиіс
2021 жылғы 5 қараша 20:40

Дәурен Абаев: Моноқалаларды басқару принципі өзгеруі тиіс

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев еліміздегі моноқалалардың тағдырына қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Моноқалалар Кеңес дәуірінен қалған мұра десек болады және ол қалалар жоспарлы экономика саясатына сай құрылған. Тәуелсіздік алғалы заман өзгерді, тиісінше моноқалаларды басқару принципі де өзгеруі тиіс. Бүгінгі таңда моноқалалардың проблемасы көп. Қазіргі уақытта елімізде 27 моноқалада 1,5 млн адам тұрып жатыр. Ол қалалардың бүгінгі сипаты халықтың жаппай көшуі, әлеуметтік депрессия, жұмыссыздық та бар. Оған азып-тозған коммуналдық инфрақұрылымды қосыңыз», - деді Дәурен Абаев «Хабар» телеарнасында өткен «Ашық диалог» сұхбатының кезекті санында.

Оның айтуынша, кейбір моноқалаларды асырап отырған табиғи ресурстар қоры азайып барады.

«Сондықтан Президент мәселені бүгіннен қолға алып, болашағы жоқ моноқалалардың тұрғындарын ірі қалаларға көшіруді ұсынып отыр. Әрине, ол үшін алдымен жағдай жасау керектігін ұмытпаған жөн. Бірақ тұрғындарды көшіру мәселесі барлық моноқалаларға қатысты емес. Даму болашағы зор моноқалалар да бар. Әлеуеті бар қалалар үшін арнайы даму жоспары қабылданып, әсіресе экономикасын әртараптандыру бағыты бойынша шара қолға алынады. Кейбір моноқалалар ірі қалалардың маңында орналасқан, ондай қалалар агломерация принципі бойынша өркендей түсетін болады», - дейді ол.

Сондай-ақ, ҚР Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Мемлекет басшысы моноқалаларға қатысты ауқымды талдау жұмысын жүргізуді тапсырғанын айтты.

Талдаудың нәтижесінде моноқалалар санатқа бөлініп, ол туралы БАҚ беттерінде хабарланатын болады.


Автор:
Тілші

Jańalyqtar

MURAǴAT