Дәурен Абаев менингитке қатысты жағдай бойынша пікір білдірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев менингитке қатысты жағдай бойынша пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз менингит бойынша халықтың неліктен дүрліккенін түсініп отырмыз. Менің ойымша, Денсаулық сақтау министрлігі бүгінгі таңда бұл ауруға қатысты ақпараттандырудың барлық амалдарын жүргізіп жатыр. Мәселе адамдардың өліміне қатысты болып отырғандықтан, дүрлігу болады. Адамдар балаларын жоғалтып жатқан кезде дүрбелең туады. Сондықтан, оны түсінуге де болады», - деді министр Астанада тұрғындарды қабылдаудан кейін тілшілердің сұрағына жауап бере отырып.

Бұл ретте министр ресми ақпарат көздеріне сену керектігін атап өтті.

«Біз ең бірінші кезекте ресми көздерден - Денсаулық сақтау министрлігінен, денсаулық сақтау басқармаларынан тараған ақпараттарға баса назар аударуды, соңы жалған болып шығатын көптеген бос ақпараттардан аулақ болуды сұраймыз», - деді министр.

Сонымен қатар, Дәурен Абаев кейбір шенеуніктермен байланысқа шығу қиынға түсетінін де жоққа шығарған жоқ.

«Иә, жалпы мұндай мәселе бар. Әртүрлі шенеуніктермен кері байланыс орнату қиынға түсіп жатады. Себебі, олар тексерілуі тиіс ресми ақпараттарды беретін жағдайлар бар. Сондықтан, кідіріс болып қалады. Адамдар дүрлігуі мүмкін, бірақ лауазымды адамға бұл кешірімді емес. Міне, осы мәселеге біз назар аударып, «Алтын уақыт» деген ереже енгіздік. Демек, олар үш сағаттың ішінде жауап беруі тиіс», - деді Дәурен Абаев.

Соңғы жаңалықтар