Дәурен Абаев Қазақстан мен Францияның футбол матчына қатысты пікір білдірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев Қазақстан мен Франция арасындағы атышулы футбол матчы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.


«13 қарашада Парижде Франция - Қазақстан футбол матчы өтті, онда Қазақстан 8:0 есебімен ойсырай жеңілді. Мұны біздің отандастарымыз өте ауыр қабылдады. Көпшілігі еліміздегі футболды қаржыландыруды тоқтатуды талап етті», - деді «Хабар» арнасында «Ашық диалог» бағдарламасының жүргізушісі Дәурен Абаевқа.

«Иә, осы матч қорытындысына жауап қатқандар көп болды. Әрине үлкен есеппен жеңілу өте ауыр. Құраманың өзі барлық оқиғадан қорытынды шығарады деп ойлаймын. Ешкімді сынағым келмейді. Жігіттер онсыз да көп нәрсе естіді – әсіресе жағымсыз пікірлер көп болды. Алда қыруар жұмыс бар. Еңсені түсірмеу керек. Бұл ретте іріктеу кезеңінде құрамамыз жақсы ойын көрсетті. Украинамен екі матчта, Босния және Герцеговинамен қонақ матчын ойнағанда бәріміз қуанып, қол шапалақтадық. Әрине, бұл деңгей ауа райына, өтетін орнына, күнтізбелік жүктемеге қарамастан үнемі сақталуы керек. Осындай деңгейге үнемі ұмтылу қажет. Футбол федерациясы да, Қазақстан құрамасы да мұны жақсы түсінеді», - деді ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары.

Сонымен бірге Д. Абаев футболды қаржыландыруға қатысты сұраққа жауап берді.

«Бұл жерде Президент кәсіби спортты қолдаудан бұқаралық балалар спортына баса назар аударуды тапсырды. Бұл бағыттағы жұмыс қазірдің өзінде жүріп жатыр. Бірақ біз қазақстандық футболды қолдаудан толық бас тартуға болмайтынын түсінуіміз керек. Футбол – әлемдегі ең танымал спорт түрі. Футболды елемей, бұқаралық және балалар спортын дамыту мүмкін емес шығар. Өйткені, ең дарынды балалар үшін кәсіби клубтарда ойнау жақсы ынталандыру болар еді», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар