Дәурен Абаев: Инспектор Ерлан Нұрғалиевті мемлекеттік наградаға ұсынуды қолдаймын

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Қарағанды облысында браконьерлермен алысып, қаза тапқан Ерлан Нұрғалиевтің ерлігіне қатысты пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осы аптада табиғат қорғаушы Ерлан Нұрғалиевті өлтіріп кеткен браконьерлердің әрекеті дүйім жұртты дүрліктіргені белгілі. «Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасы барысында жүргізуші осы оқиғаға байланысты министрдің пікірін сұрады.

«Азаматтар айыптыларды қатаң жазалауды талап етіп отыр. Халықтың тағы бір бөлігі инспекторды өлтіріп кеткендер ықпалды адамдар болып шығып, жазадан құтылып кетуі мүмкін екенін жазуда. Осыған не дер едіңіз ?», - деді жүргізуші.

Бұл сұраққа жауап берер алдында Дәурен Абаев ең алдымен өмірден өткен Ерлан Нұрғалиевтің туған-туыстарына көңіл айтты.

«Өз істерін батылдықпен атқаратын адамдардың ерлігін кейде кездестіріп жатамыз. Менің ойымша, өмірдің өзі үлкен жетістіктердің артында Ерлан Нұрғалиев секілді қарапайым әрі мықты азаматтар тұрғанын кезекті рет дәлелдеп берді. Өткен аптада естеріңізде болса, Қазақстандағы киіктердің саны 40 пайызға артқанын айтып жатқан едік. Енді біз осындай көрсеткішке Ерлан Нұрғалиев секілді азаматтардың арқасында қол жеткізіліп отырғанын көріп отырмыз», - деді Дәурен Абаев.

Министр өз жауабында аталмыш оқиғаға байланысты қылмыстық істің барысын Бас прокуратураның бақылауына алғанын атап өтті.

Бұл іс бойынша қазіргі таңда ішкі істер органдарының үздік мамандары жұмыс жүргізіп жатыр.

«Кінәлілер Қазақстан Республикасының заңнамасына сай қатал жазасын аларына толық сенімдімін», - деді ол.

Дәурен Абаевтың айтуына қарағанда, осы жағдайдан кейін табиғат қорғау саласындағы жұмыстарға біршама өзгерістер енгізілуі мүмкін. Министр келтірген дерекке сүйенсек, өткен жылы Қазақстандағы киіктерді күзетуге 200 инспектор жұмылдырылған.

«Бірақ, бәрі нашар деп те айтуға келмейді. 15 жыл бұрын ғана киіктер мен еліктер, қоқиқаздар жаппай ауланып жататын. Бұған негізінен табиғат қорғау инспекциясының техникалық тұрғыда аз қамтылуы себеп болғаны жасырын емес. Сонымен бірге, көптеген істер нақты үкімді айтпағанда сотқа дейін де жетпейтін. Бүгінгі таңда жағдай мүлде бөлек. Жануарлар әлемінің күзет қызметі заманауи автокөлік, қаркешкіш техникамен, мотоциклмен қамтылған. Әлбетте, ол техникаларды әрдайым жақсартып отыру керек. Сотқа дейін жеткен істер туралы айтар болсақ, өткен жылы ғана браконьерлерден 350 млн теңге өндірілген. Ондаған адамға шынайы үкім шыққан», - деді ол.

Сонымен бірге, министр Ерлан Нұрғалиевке қайтыс болғаннан кейін мемлекеттік награда беру бастамасын қолдайтынын жеткізді.

«Иә, Қазақстан Республикасының азаматы ретінде мен бұл бастаманы толығымен қолдаймын», - деп түйді Дәурен Абаев.

Естеріңізге сала кетсек, осыдан бірнеше күн бұрын 5 киік атқан браконьерлермен қақтығыста ауыр жарақат алған «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК инспекторы Ерлан Нұрғалиев 15 қаңтарда Астананың №1 ауруханасында қайтыс болған еді.

Ал бүгін ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов жарақат алған «Охотзоопром» инспекторын құтқаруға неліктен көп уақыт кеткенін түсіндірді.

Соңғы жаңалықтар