Дәурен Абаев еліміздегі ашық министрлік пен әкімдікті атады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның отырысында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев халық алдында ашық министрлік пен әкімдікті атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мемлекеттік органдардың «Ашық Үкімет» порталдарында және ресми интернет-ресурстарында жүргізетін қызметінің тиімділігіне жыл сайын бағалау жүргізеді. 2017 жылдың нәтижесі бойынша «Мемлекеттік органның ашықтығы» бағытында көшбасшылар Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі мен ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі болды. Ал аутсайдерлердің қатарында Жамбыл облысының әкімдігі бар», - деді министр.

Сонымен қатар Дәурен Абаев халықтың хабардар болуын арттыру мақсатында 2016-2017 жылдары заң нормаларын және «Ашық Үкімет» порталдарының мүмкіндіктерін түсіндіруге бағытталған дәрістер, семинарлар мен вебинарлар циклі өткізілгенін айтты. Оларды «MediaNet»» халықаралық журналистика орталығы, Халықаралық коммерциялық емес құқық орталығы, Маңғыстау облысының Азаматтық альянсы сынды үкіметтік емес ұйымдар ұйымдастырды.

«Мұнан бөлек, «Ұлттық ақпараттық технологиялар орталығы» АҚ мемлекеттік органдардың жауапты тұлғаларын «Ашық Үкімет» порталдарында жұмыс істеуге оқыту семинарларын тұрақты негізде өткізеді. Телевидение мен әлеуметтік желілерде «Ашық Үкімет» порталдарының жұмысы туралы түсіндіру роликтерін ротациялау іске қосылды», - деді ол.

Айта кетейік, елімізде ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз етудегі ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың ерекше рөлін ескере отырып, «Ашық Үкімет» порталдары құрылған. Сонымен қатар  «Ашық Үкімет» тұжырымдамасы аясында «Ашық деректер», «Ашық бюджеттер», «Ашық НҚА», «Ашық диалог» және «Мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау» сияқты интернет-порталдар жұмыс істейді.

Соңғы жаңалықтар