Дәурен Абаев елімізде бизнес-климаттың жақсаруына қатысты пікір білдірді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев Қазақстанның Doing Business 2019 (Бизнес жүргізу 2019) рейтингінде көрсеткішінің жақсаруына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Атауынан-ақ аталған рейтинг біздің елімізде бизнес жүргізудің жеңілдігін бағалайтыны көрініп тұр. Ол әртүрлі, мәселен, заңнамалық базаны жетілдіру, салық режимі, инвесторлардың құқығын қорғау секілді көптеген параметрлерді есепке алады. Бүкіләлемдік банктің аталмыш рейтингі әлемнің 190 еліне баға береді. Қазақстан бар болғаны бір жылдың ішінде 36 орыннан 28-інші орынға табан тіреді. Бұл - халықаралық инвесторлардың назарын аударатын ең жоғарғы көрсеткіштердің бірі екенін атап өту керек», - дейді Дәурен Абаев «Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында.

Министрдің айтуынша, бизнесті қолдау - Мемлекет басшысының саясатының басты басымдықтарының бірі болып табылады.

«Осы жылдың мамыр айында ғана Президент кәсіпкерлік туралы заңға қол қойған болатын. Бұл - 14 кодекс пен жүзге тарта заңға өзгерістер енгізетін өте ауқымды құжат. Аталмыш заң мәселен, мемлекеттің қадағалау қызметін 30 пайызға қысқартады. Бұны мен өте оңтайлы, әрі маңызды қадам деп айтар едім. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жалпы Үкімет, Ұлттық экономика министрлігі, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен Қазақстан Республикасының Парламенті атқарған орасан зор жұмыстарды ерекше атап өту керек», - дейді министр.

Дәурен Абаев өз сөзінде қазіргі таңда біздің еліміздегі бизнес-климатты жақсарта түсуге болатын алғышарттар барын да атап өтті.

«Біріншіден, Президент қазанда халыққа арнаған Жолдауында айтарлықтай салықтық жеңілдіктер туралы айтса, екіншіден кәсіпкерлікке жеңілдетілген несие үшін қомақты қаржы қарастырылған. Үшіншіден, өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысының тапсырмасымен барлық мемлекеттік қызметтер, соның ішінде кәсіпкерлер үшін де электронды форматта көрсетілетін болады. Төртіншіден, биыл «Астана» халықаралық қаржы орталығы қанат жая бастады. Бұл - нарықтың дамуына зор серпін берері анық. Менің ойымша, осының бәрі бизнес-климаттың ары қарай да жақсаруына үміт береді», - дейді Дәурен Абаев.

Еске сала кетсек, Doing Business 2019 (Бизнес жүргізу 2019) рейтингінде Қазақстан Республикасы 28-орынға тұрақтаған болатын. Қазақстан бір жылдың ішінде бірден 8 саты жоғарылап, 28-орынға орналасты. Былтыр біздің ел 36-орында еді.

Соңғы жаңалықтар