Дәурен Абаев E-gov порталында сұранысы жоғары мемқызметтерді атады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев E-gov порталында сұранысы жоғары болып отырған мемлекеттік қызметтерді атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"E-gov порталы өткізген сараптамаға сай ел тұрғындары денсаулық сақтау қызметтерін өте жиі пайдаланады екен. Сондықтан да былтыр медициналық ұйымға тіркелу мен дәрігер таңдау сияқты қызмет электронды форматқа енгізілді. 4 айдың ішінде бұл қызметті 70 мың адам пайдаланды", - деді министр.

Оның айтуынша, 2018 жылдың желтоқсан айынан бастап наркологиялық, психологиялық және тубдиспансерлер анықтамасын портал арқылы алуға мүмкіндік пайда болды. Қазір қажетті құжаттарды үйден шықпай-ақ алуға мүмкіндік бар.

"Өздеріңіз де білесіздер, бұл анықтамалар жұмысқа орналасатын кезде, оқуға түсерде және тағы басқа сәттерде қажет. Ендігіде жұмыс беруші тарапқа кандидаттың жоғарыда аталған диспансерлерде тіркеуде тұрған-тұрмағаны туралы ақпарат болса жеткілікті. Сондықтан да азаматтар анықтама алу үшін диспансерлерді аралап, кезекте тұрмайды", - деді ол. Жалпы министрдің пайымынша, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру жүйелі жұмысты қажет етеді.

"Тәжірибе көрсетіп отырғандай, бұл шаруа кешенді түрде, жоғары цифрлық сауаттылықпен атқарылуы тиіс. Сапалы интернеттің енгізілуін де ұлғайта беруіміз керек. Өйткені өткен жылдың өзінде Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы 10 миллионнан астам мекенжай анықтамалары берілген. Алайда қазір бұл құжатты электронды үкімет порталы арқылы, электронды цифрлық қолтаңбамен-ақ немесе смартфондағы телеграм-ботты пайдалану жүйесімен де алуға болады", - деді Дәурен Абаев.

Соңғы жаңалықтар