Дәурен Абаев: «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының сәтті жүзеге асырылуына күш салуымыз керек

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Хабар» арнасындағы «Ашық диалог» бағдарламасында қонақ болған ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасына қатысты жүргізіліп жатқан жұмыс турасында айтып өтті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Мемлекет басшысы бізге бұл бағдарламаны тағы жетілдіру үшін уақыт беріп отыр. Мен бағдарламаның жұмысы тиімді бола түсер деген ойдамын. Иә, біздің министрлік үшін, бүкіл Үкімет үшін «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының маңызы өте зор. Жылдың басында Мемлекет басшысы бұл туралы айта келе біздің алдымызға тапсырма жүктеді. Осы уақытта біз халықаралық консультанттармен бірге бағдарламаны өте жіті түрде зерттедік. Барлық мемлекеттік органдар жұмылдырылды. Бұл бағдарлама тек Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне ғана қатысты емес, цифрландыру мәселесі ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, инвестициялар және даму министрлігіне, құқық қорғау органдарына да қатысты болады. Премьер-министр бағдарламаны жіті таныстырып, қандай бағытта жұмыс жүргізу керектігі айтылды. Біз бағдарламаның сәтті жүзеге асырылуына күш салуымыз керек», - дейді Дәурен Абаев.

Сонымен қатар, Дәурен Абаев «Бағдарламаның жүзеге асырылу уақыты неліктен жылдың соңына қалып отыр?» деген сауалға жауап берді.

«Мемлекет басшысы, бәлкім, баса маңыз берілер тағы бір тұстарды байқап қалған болуы керек. Жалпы, 2-3 айлық уақыт жүзеге асыру тұрғысынан шекті мерзім емес, алайда осы аралық бағдарлама толыққанды қалыпқа келуі үшін маңызды», - деп түйді Дәурен Абаев.

Фото: Бауыржан Жуасбаев

Соңғы жаңалықтар