Дәурен Абаев цифрландыру арқасында қанша қаржы үнемделгенін айтты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев инновациялық экожүйені құру жайында айтып берді , деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрдің айтуынша, өткен жылы ЭКСПО көрмесі өткен аймақта халықаралық ІТ-стартаптар технопаркі өз жұмысын бастаған. Ал шілде айында «Венчурлық қаржыландыру туралы» заң қабылданды. Осылайша, венчурлық инвестициялар бойынша нормалар анықталды.

«Астана хабтың» шетелдік қатысушылары үшін визалық және еңбек режимдерін жеңілдету бойынша жағдай жасалды. Яғни, салықтық жеңілдіктер ұсынылды. «Астана Хаб» технопаркінің аясында 3 акселераторлық бағдарлама өткізілді. Осылайша 180 миллион теңге инвестицияны құрайтын 47 стартап іріктелді. Технопарк базасында отандық және шетелдік ІТ-компаниялардың зертханалары орналастырылды», - деді Д.Абаев Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Оның айтуынша, «Ақылды қала» жобасын іске асыру аясында білім беру, денсаулық сақтау, қауіпсіздік, көлік және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына ақпараттық теxнологиялар кеңінен енгізіліп келеді.

«Мәселен, Астанада «СЕРГЕК» жобасы жол-көлік оқиғаларының санын 15 процентке төмендетті. Елорда тұрғындары арасында көлік картасын пайдалану үлесі 43 проценттен 94 процентке дейін артты. Осы тариф енгізілген сәттен бастап автопарктер табысы 30 процентке өсті. Қаржының көлеңкелі айналымы болмағандықтан шығын да азайып отыр. Ал Шымкент қаласында орнатылған фото-бейне бақылау камераларының есебінен қылмыс саны 16,7 процентке, Жамбыл облысында 22 процентке азайды», - деп атап көрсетті Д.Абаев.

Бұдан бөлек, Астана қаласында білім беруді цифрландыру аясында мектептердің нақты жүктемесін анықтауға мүмкіндік туды. Мәселен, Павлодар облысының балабақшаларында 2 мыңнан астам бос орынның бар екені анықталды. Оны құрылысы 2 миллиард теңгені құрайтын 4 балабақшамен салыстыруға болады.

«Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Батыс Қазақстан және Жамбыл облыстарында цифрлық жобаларды енгізу есебінен электр энергиясына жұмсалатын шығындар 30 процентке дейін қысқарды. Жалпы, 2018 жылы іске асырылған цифрлық шаралар қазірдің өзінде елімізге 218 миллиард теңгеден астам экономикалық пайда әкелген екен. Цифрландыру есебінен құрылған жаңа жұмыс орындарының саны 43 мыңнан асты. Биылғы жұмыс тәртібі белгілі. Мемлекеттік органдардың жауапкершілік аумағы айқын. Ұлттық және жеке компаниялар алдағы мақсаттарын анықтап алды. Сондықтан жаңа технологияларды енгізуден түсетін экономикалық әсер алдағы уақытта қазіргі нәтижелерден де жоғары болады деп нық сеніммен айтуға болады», - дейді министр.

Айта кетейік, бүгінгі отырыста ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске асыру нәтижесі бойынша есеп берді. Осы орайда Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев цифрландыру аясында мемлекеттік органдардың өзара байланысын күшейтіп, ақпараттық теxнологияларды қолдануды талап ететін нормаларды тездетіп бітіруді тапсырды.

Соңғы жаңалықтар