Дәурен Абаев: Баспана неғұрлым мұқтаж отбасыларға берілуі тиіс

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі 2025 жылға дейін Қазақстан бойынша 40 мың арендалық пәтер салынатын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін тұрғындардан бүгінге дейін 260 мың өтініш түскен.

Дәурен Абаевтың айтуынша, оның басым бөлігі қанағаттандырылған.

«Сәуірден бастап 185 мың отбасы атаулы әлеуметтік көмек ала бастады. Төлемдердің жалпы сомасы 40 млрд теңгені құрады. Құжат қабылдау әлі жалғасып жатыр. Көмек алушылардың сан өсіп келеді. Барлығы 260 мыңнан астам өтініш түсті. Соның көбі қанағаттандырылды. Кейбір өтініштерге оңды шешім берілген жоқ. Өкінішке орай адамдар табысы туралы жалған анықтамалар жасаған. Яғни адамдар саналы түрде табыстарын жасырған» - деді министр.

Министрдің айтуынша, мұқтаж отбасыларды баспанамен қамту 2025 жылға дейін жалғаспақ.

«Мамырдан бастап барлық өңірлерде көпбалалы отбасыларға жалдамалы баспана беріле бастады. Бәрін бір уақытта қамту мүмкін емес. Баспананы беру үшін әуелі салу керек. Бұған уақыт керек. Мемлекет қолдаудан бас тартып отырған жоқ, өзінен жауапкершілікті алған жоқ. 2025 жылға дейін 40 мың арендалық пәтер салынып бітеді. Сол кезде бұл мәселе негізінен шешілетін болады» - деді Дәурен Абаев.

Ақпарат және қоғамдық даму министрі елорда әкімдігіне өз талаптарын айта келген бір топ ананың мәселесіне кеңінен тоқталды.

«Астана қаласының әкімі және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі пикетке шығушы аналардың талаптарына талдау жасаған болатын. Бұл талаптар көп жағдайда екі мәселеге келіп тіреледі. Біріншісі «баспана беріңдер» деген талап. Екіншісі несиемізді кешіріп беріңдер» деген талап. Мен қазір көп адамға ұнамайтын ой айтатын шығармын. Маған көп сын айтылатын да шығар. Ашығын айтсам, мәселені бұлай шешу әділетсіз сияқты. Менің жеке пікірімше, баспана неғұрлым мұқтаж жанұяларға берілуі керек. Мүмкіндігі шектеулі баласы бар, жалғызбасты аналар өте ауыр жағдайда өмір сүріп жатыр. Баспана сондай отбасыларға берілуі керек. Ата-анасы жұмысқа қабілетті, толымды жанұяларға мемлекет өз ісін ашуға пайызсыз несие береді. Мемлекет оларға бизнес әліппесін үйретуге дайын. Тіпті бастап та кетті» - деген министр Қостанай облысының тұрғынын мысалға келтірді.

«Мен алдыңғы күні ғана Қостанайдан келдім. Сондағы журналистер маған бір әйел туралы айтып берді. Гүлсара Әлмағамбетова көпбалалы ана. Ол бизнес бастау жолдарын оқып, 3 млн теңге несие алыпты. Ол қаржыға бірнеше бас сиыр сатып алған. Қазір сол сиырларын сауып, сүтін сатып отыр. Келешекте мал басын көбейтпекші. Бүкіл үй іші сол бизнесті жұдырықтай жұмылып жүргізіп жатыр. Мемлекеттің көпбалалы отбасыларды осындай жолмен қолдауы әлдеқайда тиімді, әлдеқайда дұрыс деп ойлаймын. Бұл сол жанұяларда өсіп жатқан балар үшін де пайдалырақ» - деді ол.

Министрдің айтуынша, кейбір азаматтардың несиесін жабуға мемлекеттің мүмкіндігі жоқ емес. Десе де, бұл қоғамдағы өзге санаттағы азаматтардың құқығын шектеуі мүмкін.

«Біреулер күн сайын банк алдындағы міндетін орындау үшін талмай еңбектенеді. Ол үшін ешқандай көмек немесе субсидия алып жатқан жоқ. Олардың да балалары, олардың да мұқтаждығы бар емес пе. Олардың да көбінің баспанасы жоқ. Мемлекет оларға біреулерге несиені кешіріп, біреулерге кешірмегенін қалай түсіндіруі керек» - деді Дәурен Абаев.

Соңғы жаңалықтар