Дәурен Абаев Бала асырап алу агенттігі туралы пікір білдірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев бала асырап алу агенттігін құру туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл тақырыпта пікірталас көп. Тіпті, эмоция көбірек дер едім. Ең қиыны, бұл тақырыпта тәжірибесі жоқ адамдар белсенді боп шыға келді. Бір жағынан қылмысқа қамқорлық жасайды деп депутаттарды айыптап, екінші жағынан агенттікті шетелдіктерге бала сатудағы алыпсатар күдігіне ілді», - деді министр «Хабар» арнасындағы «Открытый диалог» бағдарламасында.

Оның айтуынша, бұл пікірлердің еш негізі жоқ.

«Ең алдымен, жетім балалармен мемлекет айналысуы тиіс. Екіншіден, мемлекет бұл міндетті азаматтық қоғамға табыстауы тиіс. Мұнда екі тараптың да балалар тағдырына бей-жай қарамайтынын түсінген жөн. Барлығы балалардың жағдайы жақсы болғанын қалайды», - деді ол.

Сонымен бірге, ведомство басшысы елімізде 5 мың баланың қараусыз қалғанын, азаматтық қоғамның асырап алу процесін ұйымдастыруға көмек көрсеткісі келетінін жеткізді.

«Ең бастысы, барлығы ашық, таза, балалар үшін тиімді болуы қажет. Менің білуімше, агенттік қазір пилоттық режімде жұмыс істеп тұр. Үкімет пен жергілікті билік тарапынан оларға барлық көмек көрсетілген және агенттік көптеген азаматтардың бала асырап алуына көмектесті», - деді Д. Абаев.

Соңғы жаңалықтар