Дәурен Абаев БАҚ туралы заңнамаға өзгерістер туралы пікір білдірді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - ҚР  Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев «Медиақұрылтай-2017» жиыны барысында ҚР БАҚ туралы заңнамасына өзгерістер туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министр БАҚ сауалына жауап берудің мерзімі неге ұзартылғанын түсіндірді.

Айта кету керек, заң жобасы медиа қауымдастық арасында қызу талқыланып жатыр.

«Біз 250 жуық түзету қабылдадық. Оның ішінде 7 түзету журналистердің алаңдаушылығын тудырып отыр. Басқа нормалар БАҚ, коммуникацияны дамытуға бағытталған. Өзгертулер 4 кодекс пен  12 заңға қатысты. Алайда бұл тек БАҚ  туралы заң ғана өзгереді деген сөз емес. Бізге тұжырымды заң керек. Оны жазуға 3 жыл кетеді. Ол қабылданғанша журналистердің жұмысына кедергі келтіретін нəрселер бар. Біз сол кедергілерді жоюымыз керек», - деді Дәурен Абаев.

 Министр жиналғандарға сауалға жауап беру мерзімі неге ұзартылғанын түсіндірді.

Түзетулерге сəйкес ресми сауалға жауап үшін мемлекеттік органдар 15 күн ішінде жауап беруіне болады.

Ал ресми айтылған мəлімдемеге қатысты түсініктеме 2 күннің ішінде дайын болуы тиіс.

 "Соңғы 2-3 жылда министрлікке түсетін сауалдардың саны  75% артты. Бұл өте көп. Ол үшін министрлік қызметкерлері тəулік бойы БАҚ  сұрақтарына жауап берумен айналысуы керек. ҚР БҒМ, Бас прокуратураның тұтас департаменттері БАҚ сауалына жауап берумен ғана айналысады. Сауал көп, қызметкерлер саны сол қалпы. Ал сауал мерзімін ұзарту арқылы формалды емес толық жауап алуға болады",- деді министр.

Оның айтуынша,  қазіргі таңда БАҚ  сауалына жауап бермеген меморган сот арқылы жазаланады.

Енді сауалға жауап беру мерзімінің ұзартылуына байланысты мерзімінде жауап бермеген тұлғаларды жазаға тарту қарастырылуда.

"Заңға түзетулер жан-жақты қарастырылып жатыр. Мемлекеттік органдар, ҮЕҰ бірігіп талқылап жатыр. Болашақта жұмыстың тиімділігіне қарай бонус төлемін қарастыруымыз мүмкін. Қазір депутаттар 15 күннің орнына 7 жұмыс күнін белгілеуді ұсынып отыр»,- деді Министр.

Оның айтуынша шетелде БАҚ сауалына жауап беру мерзімі ұзақ.

"АҚШ-та 20 күн, Германияда -15, Швецияда -30, ЕЫДҰ елдерінде БАҚ сауалына жауап беру мүлде қарастырылмаған. Сапалы жауап беру үшін уақыт керек. Əйтпесе қағаз жүзіндегі жауаптар көбейе береді",- деді ол.

Соңғы жаңалықтар