Дәурен Абаев ауыл мен қала арасындағы «цифрлық алшақтықты» жою жолын атады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында мемлекет ең алдымен ауылдарға интернет жеткізу үшін көлемді инвестиция салуға әзір. Бұл туралы Астанада өтіп жатқан «Ideas for women» (IFW-2018) - Төртінші өнеркәсіп революциясының сын-тегеуріндері» атты форумында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әлем үздіксіз өзгеріске ұшырап келеді. Цифрлық технологиялар мемлекеттердің бәсекеге қабілеттілігінің шешуші факторы болып отыр. Жаңа сын-тегеуріндер уақтылы шешім қабылдауды қажет етеді. Міне, сондықтан, Мемлекет басшысының тапсырмасымен біздің министрлік «Цифрлық Қазақстан» ауқымды бағдарламасын жасап шығарды. Аталған құжат біздің еліміздің қоғамдық-экономикалық тұрғыдағы барлық саланы қамтуды көздеп отыр. Оның макроэкономикалық әсері де айқын болмақ», - дейді министр.

Дәурен Абаев форум барысында «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы туралы қысқаша әрі ұғынықты түрде баяндап берді.

«Ең бірінші кезекте бұл - инфрақұрылым. Біз қазіргі таңда ауыл мен қаланың арасында үлкен айырмашылық барын біліп отырмыз. Демек, «цифрлық алшақтық» пайда болды. Оны да өздеріңіз жақсы білесіздер. Қалада жылдам 4G бар десек, ауылдардағы интернеттің қауқары 2G-ға да жете бермейді. Ал еліміздегі халықтың 40 пайызы ауылдарда тұрады. Демек, олар қаладағыдан гөрі сапасы аздау білім, медициналық білім, сонымен қатар мемлекеттік қызметті алуы мүмкін. Сондықтан, мемлекет ең алдымен инвестиция салатын болады. Өздеріңіз білетіндей, жеріміз байтақ болғанымен, халық саны аз. Сондықтан, жеке бизнеске бұл әлбетте қолайсыз. Сондықтан, мемлекет 25 мың оптикалық талшық салуға әзір. Бұл үшін әлеуетті деген 1249 ауыл белгіленді. Осылайша, белгіленген ауылдарға сапалы интернет жетеді», - дейді Дәурен Абаев.

Екіншіден, креативті қоғам. Бізге мамандар керек. ІТ салада ғана емес, бізге заманауи технологиялармен жұмыс істей алатын дәрігерлер, мұғалімдер, полиция қызметкерлері керек.

«Сондықтан, әрбір жауапты министрлік өз бағыты бойынша халықты заманауи технологиялар бойынша оқытатын болады. «Нұр Отан» да бұл шаруаға атсалысуда. Студенттер үшін ғана емес, халықтық барлығы үшін жазғы курстар өтетін болады. Бұл - біз үшін маңызды тапсырма. Сондықтан, біз креативті қоғамды құра білуіміз керек», - дейді Дәурен Абаев.

Айта кетсек, Астанада бүгін «Ideas for women» (IFW-2018) - Төртінші өнеркәсіп революциясының сын-тегеуріндері» атты форум жұмысын бастады. Форумды Қазақстандағы Еуропа қайта құру және даму банкінің қолдауымен Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығы ұйымдастырып отыр. Іс-шара еліміздегі әйелдер кәсіпкерлігін әлемдік экономиканың даму деңгейіне шығару мақсатында ұйымдастырылған.

Соңғы жаңалықтар