Дәулетжан Хасанов пен Қуаныш Құдайбергенов ҚазМұнайГаз басшысының орынбасары болды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясында басқарма төрағасының орынбасарлары тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына сілтеме жасап.

Дәулетжан Хасанов «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасының орынбасары болып тағайындалды.

Ол операциялық активтердегі мұнай мен газды барлау және өндіру бағытына, олардың тиімділігін арттыруға және одан әрі дамытуға, сондай-ақ ҚМГ ресурстық базасын кеңейтуге және кен орындарын ұтымды игеруге жетекшілік етеді.

Д. Хасанов әр жылдары «Қаражанбасмұнай» АҚ президенті, «Өзенмұнайгаз» АҚ Бас директоры, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ адам ресурстарын басқару жөніндегі басқарушы директоры, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Бас директоры қызметтерін атқарды.

Одан бөлек, Қуаныш Құдайбергенов «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасының орынбасары болып тағайындалды.

Ол ірі мұнай-газ жобаларының бағытын қадағалайтын болады.

Қуаныш Құдайбергенов әр жылдары «Интегра» бұрғылау инженері, «ҚазМұнайТеңіз» ҰК АҚ техникалық маманы, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ ірі мұнай-газ жобаларын дамыту департаментінің менеджері болып жұмыс істеді, «ҚМГ-Кансу Оперейтинг» ЖШС, «Ромпетрол C. A» компаниясында басшылық қызметтер атқарды.

2017-2021 жылдары ҚР Энергетика министрлігінің мұнай өнеркәсібін дамыту департаментінің директоры.

2021 жылғы маусымнан 2023 жылғы қаңтарға дейін – «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б. В» бас директорының орынбасары болды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, бұрынғы Экология министрі Серікқали Брекешев те аталған ұлттық компания басшысының орынбасары болып тағайындалды.


Соңғы жаңалықтар