Дәулет Тұрлыханов ұлының ісіне қатысты: Мен араласып жатқан жоқпын

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Мәжіліске жаңа сайланған депутат Дәулет Тұрлыханов ұлының бұзақылық әрекетіне қатысты істің тергеу нәтижесі жуырда белгілі болатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде тергеу амалдары жүріп жатыр. Тағы еске салам, ұлым кәмелет жасына толған азамат. Мен Черновтар отбасынан кешірім сұрадым, қажет жағдайда емдеуге көмек көрсетуге дайын екендігімді айттым. Бірақ, олардан хабар болмады. Алдағы 10 күн немесе 2 апта көлемінде тергеу нәтижесімен таныс боласыздар. Бұл процеске мен араласып жатқан жоқпын», - деді Дәулет Тұрлыханов Мәжілістің кулуарында БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.

«Черновтар татуласқысы келеді деген ақпарат бар. Қазір маңыздысы тергеу органдарының бағасы берілсін, одан әрі көре жатармыз», - дейді ол.

Одан бөлек, тілшілер қауымы Дәулет Тұрлыхановтан депутат ретінде Мәжіліс қабырғасында қандай мәселені көтеретіні туралы сұрап көрді.

«Мен халық игілігіне жұмыс істеуге келдім. Бір ай бойы тұрғындармен, еңбек ұжымдарымен кездестім. Штабтағы өкілдерім тұрғындардың өтініш, арызын жинады. Соның негізінде мәселелер тізбегін жасадық. Оның дені мектептің жетіспеуі, аурухана және көпбалалы аналарға қатысты», - дейді ол.

Еске салсақ, Алматыда заңгер Анна Дмитриевич пен оның күйеуі Олег Чернов соққыға жығылған еді. Алматы қалалық Полиция департаменті аталған дерек ҚР ҚК-нің 293-бабы «Бұзақылық» бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелгенін хабарлады.

Кейін спорт қайраткері Дәулет Тұрлыханов баласының бұзақылық әрекетіне байланысты пікір білдірді.

«Ақпанның 11-іне қараған түні Алматыда менің ұлым мен заңгерлердің арасында болған оқиғаға қатысты пікір білдіруді жөн деп таптым. Менің ұлым Нұрасыл кәмелет жасына толған азамат, егер оның кінәсі дәлелденсе, оған Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тиісті шара қолданылады. Сонымен бірге, мен ұлымның әрекеті үшін кешірім сұраймын», - деп жазған болатын Дәулет Тұрлыханов.


Соңғы жаңалықтар