Дәулет Тұрлыханов пен Камандар Маджидов жас палуандарға шеберліктің үлгісін көрсетті

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда танымал палуан Дәулет Тұрлыханов пен КСРО-нің Еңбек сіңірген спорт шебері, Олимпиада чемпионы Камандар Маджидов «Халық арена» спорт кешенінде жаттығатын жас палуандарға шеберлік сыныбын өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.  

Айта кетейік, бұл шеберлік сыныбы ертең 1 сәуір күні басталатын 2000-2002 жылы туылған жасөспірімдер арасында грек-рим күресінен қоғам қайраткері Дәулет Болатұлы Тұрлыхановтың жүлдесіне арналған дәстүрлі XVIII турнир қарсаңында ұйымдастырылып отыр.

Шеберлік сыныбында ҚазАқпарат тілшісіне арнайы сұхбат берген Дәулет Тұрлыханов мұндай жарыстар жастарды спортқа баулуы үшін өте қажет екенін айтты.

«Алматы қаласы әкімінің қолдауымен түрлі спорттық бағдарламалар қолға алынып, соның арқасында «Халық арена», «Алматы арена» секілді спорт кешендерінде тегін спорт секциялары ұйымдастырылып жатыр. Бұл ата-аналарға үлкен көмек. Қазақ елі күрес өнерін бағалайды. Біз сол палуан бабаларымыздың ізін жалғастырып келеміз. Грек-рим күресімен бала күнімізден жаттығып халқымыздың қолдауының арқасында талай ареналарда жеңістерге жеттік. Анамыз Мәрзия Айтбайқызының бастауымен Қазақстанда екі турнир өткізіп тұрамыз. Біреуі, грек-рим күресінен ересектер арасында Болат Тұрлыхановты еске алуға арналған халықаралық турнир. Ол 20 жылдай уақыттан бері Семей қаласында өткізіліп келеді. Екінішісі міне, 18 жыл қатарынан өткізіліп келе жатқан жасөспірімдер арасындағы Дәулет Тұрлыханов жүлдесі. Мұндай жарыстар көбірек өткізілуі керек. Балалар күресіп өсуі қажет. Бізде бала күнімізде республикалық жарыста бір-бірімізге қарап, тайталасып, күшімізді сынасып өстік. Сондықтан, мұндай жарыстар Халық қаһармандарының атына, белгілі спортшылардың жүлдесіне ұйымдастырылып тұрса дейміз. Кеше Алматыда өткен қысқы Универсиада қанша отбасындағы балаларды спортқа қызықтырды», - деді Дәулет Тұрлыханов.

Өз сөзінде Дәулет Тұрлыханов турнирге арнайы келген бұрынғы КСРО-ға белгілі палуан, Олимпиада чемпионы Камандар Маджидовтың бүгінгідей шеберлік сыныбын өткізуі жас спортшылар үшін мәртебе екенін айтты.

«Атақты палуан Камандар Маджидов келіп жатыр. Екі күндік турнирде ол тек қана қонақ болып қана келмей, жас палуандар мен жаттықтырушыларға өз тәжірибесінен сабақ береді. Сабақ палуандарымыз үшн өте керек», деді Дәулет Тұрлыханов.

Айта кетейік, 1-2 сәуір аралығында өтетін республикалық турнирге спортшылар Қазақстанның барлық аймақтарынан, сондай-ақ, Алматы мен Астана қалаларынан қатысады.

Атап айтқанда, боз кілемде Дәулет Тұрлыхановтың, Жақсылық Үшкемпіровтің, Болат Тұрлыхановтың, Хаис Аққалиевтың спорт мектептері мен «Жас Қыран» мемлекеттік мекемесі, Қазалы ауданының БЖСМ, «Дәулет-Жәркент» ПСК (Алматы облысы) және өзге спорт ұйымдарының жас палуандары белдеседі.

Республикалық  турнир он салмақ дәрежесі бойынша өтеді. Жарыс (UWW) ережелері бойынша өтеді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медаль мен диплом, сондай-ақ бағалы сыйлықтар табысталады. 

1 2 3 4 5 6 7 8 

Соңғы жаңалықтар