Дәстүрлі медианы әлеуметтік желілер, мессенджерлер, платформалар ақпарат алаңынан ығыстырып жатыр - Тоқаев

None
Фото: t.me/aqorda_resmi
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы сыйлықтар мен гранттар тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақордаға сілтеме жасап.

«Баршаңызды бүгінгі бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күнімен құттықтаймын! Үздік журналистерді марапаттау шарасында Сіздермен кездесіп отырғаныма қуаныштымын. Көпшілігіңізді сырттай танимын. Мақалаларыңызды оқып тұрамын. Еліміздің журналистика саласына жас мамандардың келіп жатқаны – өте жақсы үрдіс. Жазу стилі – ерекше, еркін, батыл, ұстанымы ашық тілшілер бұл кәсіпті жаңа деңгейге көтереді деп сенемін», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Жарлығымен бұл мейрам бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні болып белгіленді.

Отандық медиа жаңа кезеңге қадам басты. Қазір ақпарат тарату жылдамдығы, оның мазмұны, құралы – бәрі өте тез өзгеріп жатыр.

«Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» деп хакім Абай айтпақшы, журналистің осы өзгерістерге бейімделуі өте маңызды. Кеше ғана дәстүрлі және жаңа медианың бәсекесі туралы сөз қозғалушы еді. Ал бүгін сол сайттарды әлеуметтік желілер, мессенджерлер, платформалар ақпарат алаңынан ығыстырып жатыр. Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Үкімет те, медиаменеджерлер де осы өзгерістерге дайын болуы қажет», - деп атап өтті Мемлекет басшысы.


Соңғы жаңалықтар