Дәстүрлі форматқа оралған мұғалімдер цифрлық дағдыларды ұмытпауы керек – сарапшы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Cұлтанда өткен «Елорданың білім белестері - тәуелсіз Қазақстан» атты форумда Нұр-Сұлтан қаласы білім беруді жаңғырту орталығының басшысы Сабыржан Мәдиев қашықтан оқтудың келешегі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүкіл әлем қашықтан оқытуға көшкен кезде білім сапасы бірден құлдырады. Өйткені жанды сабақтың аты жанды сабақ қой. Кейінгі бір жарым жылда бүкіл әлемнің балалары онлайн режимде білім алды. Қазақстан да дәл солай болғанын білесіздер. Енді сол кезде кеткен кемшіліктердің орнын толтыруға күш салып жатырмыз. Пандемия қашықтан білім берудің біз ескермеген артықшылығын көрсетті. Бүгін біз қашықтан оқыту технологиясын адамзат түбі бір ойлап табуы керек болғанын ұғып отырмыз. Өйткені ол дәстүрлі форматты толықтыратын қабілетке ие», - деді орталық басшысы.

Бұл ойын ол мынадай мысалмен түсіндірді.

«Бала денсаулығына немесе басқа да жағдайға байланысты мектепке бара алмайтын болды дейік. Бұрын мұндай жағдайда ол оқу бағдарламасынан кешігіп, тиісті білімді уақытында игере алмағаны үшін, кейін қиналатын. Ал қазір онлайн технологияның көмегімен үйінде жатып та сыныптастарымен қатар сабаққа қатыса алады. Интерактивті қарым-қатынастың арқасында процеске белсенді қатыса береді. Қазір оффлайн сабақ жолға қойылғанына қарамастан,баласын қашықтан оқытуды дұрыс деп тапқан ата-аналар бар. Солардың өтініші бойынша екі формат қатар қолданылып отыр. Яғни, біртіндеп гибридті оқытуға көшіп жатырмыз. Әрине, мұғалім білім беру ісіндегі ең маңызды тұлға. Бірақ онлайннан оффлайнға оралған ұстаздар қашықтан білім берген кезде меңгерген дағдыларын, цифрландыру саласында игерген қабілеттерін ұмыт қалдырмай, дамыта түсуі керек», - деді Сабыржан Мәдиев.


Соңғы жаңалықтар