Дәстүрлі форматқа дайындық: ШҚО-дағы университетте студенттерге қандай жағдай жасалған

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Өскемен қаласында орын тепкен С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде биылғы оқу жылына қызу дайындық жүргізілді. Білім ордасының ректоры Мұхтар Төлегеннің айтуынша, коронавирус пандемиясына байланысты санитарлық талаптар қатаң сақталған. Осы ретте, университетке барған ҚазАқпарат тілшісі бұған көз жеткізіп қайтқан еді.

Тарихы 1952 жылдан басталатын С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті республикадағы ең жетекші жоғары оқу орындарының бірі. Әлемді әбігерге салған коронавирус пандемиясына байланысты былтыр студенттердің қашықтан оқығаны белгілі. Ал биыл еліміздегі барлық білім беру мекемелері дәстүрлі форматқа қайта оралатын болды. Осы жаңалықты ести сала аталмыш университеттің ректор бастаған ұжымы дайындық жұмыстарына білек сыбана кіріскен-тұғын.

Жоғарғы оқу орнының барлық корпустары санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға толықтай сәйкес келеді. Ақысына ай сайын әр студенттен 5 мың теңгеден алынатын жатақханада да санитарлық қауіпсіздік қамтамасыз етілген. Маска мен қолғаптың, ғимаратын ішін тазалауға және қолды жууға арналған дезинфекциялық заттардың қоры жеткілікті.

Корпустардың барлығында дене қызуын өлшейтін байланыссыз термометрлер бар. Әр мекеме іші күн сайын бірнеше рет тазаланады. Сондай-ақ жаңа оқу жылы басталар алдында оқу ғимараттарында толыққанды тазалық жұмыстары жүргізілмек.

«2021-2022 оқу жылына университетіміз толықтай дайын. Енді лекциялар онлайн өтсе, қалған практикалық, лабораториялық, семинарлық сабақтар аудиторияларда болады. Әлбетте, студенттерді дәстүрлі форматта оқыту үшін бірінші кезекте санитарлық-эпидемиологиялық талаптар қатаң сақталу қажет. Міне, осы мақсатта көп жұмыс атқарылды. Бүгінгі таңда біздің қызметкерлер мен оқытушылардың 98 пайызы вакцина алған. Ал студенттердің 92 пайызы екпе салдырды. Алдағы уақытта да вакцинаның қажеттілігі жайлы түсіндіру жұмыстары жалғасын таппақ», - деді университет ректоры, профессор Мұхтар Төлеген.

Күн сайын әуелі таңертең университетте барлық қызметкерлер мен студенттердің дене қызуы өлшенеді. Оқу ғимараттарында жүріп-тұрудың «бір жақты қозғалысы» ережесіне сәйкес арнайы белгілер қойылған. Білім алушылар арасында әлеуметтік арақашықтық сақталу үшін кіреберістен бастап, парталарға дейін қызыл скотчпен белгілер жасалды. Әр қабатта, әр аудиторияда ыңғайлы жерге антисептиктер орнатылған.

«Биыл қосымша 560-қа жуық компьютер сатып алынды. Бұл онлайн форматта өтетін лекцияларға қатысатын студенттерге жатақхана мен кітапханада отырып білім алулары үшін қажет. «Электронды деконат» және «электронды ректорат» деген виртуалды қабылдау комиссиялары да жұмыс істейді», - деді Мұхтар Төлеген.

Қорыта айтқанда, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті жаңа оқу жылына сақадай сай әзір. Мұнда студенттердің қауіпсіздігі басты назарда. Дәстүрлі форматта оқитындықтарын естіп, қуаныштан төбелері көкке жеткен жастар қыркүйектің келгенін тағатсыздана күтіп жүргендері анық.


Соңғы жаңалықтар