Дәріні рецепсіз сатқан дәріханаға қанша айыппұл салынады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Дәрі-дәрмекті рецепсіз сатқан бизнес субъектілеріне 1 000 АЕК-ке дейін айыппұл салынады.

Бұл туралы бүгін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Фармация комитеті Нұр-Сұлтан қалалық департаменті басшысының міндетін атқарушы Ералы Нұрғазин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Дәрі-дәрмекті рецепсіз босатқан жеке тұлғаға 70-тен 100 АЕК-ке дейін, ал бизнес субъектілерге 130-дан 1 000 АЕК-ке дейін айыппұл салынады», - деді ол елордадағы №7 емханада өткен баспасөз мәслихатында.

Дегенмен, ол елорда дәріханаларда дәрі-дәрмектерді рецепсіз сату деректерінің азайып келе жатқандығын айтты.

«Толықтай алғанда, азаю тенденциясы байқалады. Себебі біз емханалармен және дәріханалармен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Бірақ, проблема әлі де қалып отыр. Сондықтан баспасөз мәслихатын өткіздік», - деді ол.

Ал Нұр-Сұлтан қалалық қоғамдық денсаулықты қорғау департаменті басшысының орынбасары Марал Жұрынова мұндай оқиғалардың алдын алу үшін қолданылатын шаралар, оның ішінде «Астана денсаулықты таңдайды» жобасы туралы айтты.

«Осы жобаның аясында біз елордадағы барлық дәріхана желісіне ақпараттық парақшалар таратып, ақпараттық тақтайлар шығардық. Бұл тақтайлар елорданың барлық дәріханаларында бар. Онда антибиотиктер ғана емес сонымен бірге гормондық та, стероидты да дәрілер рецептімен сатылуы тиістігі айтылған», - деді М.Жұрынова.

Соңғы жаңалықтар