Дәріні бей-берекет ішудің мутогендік әсері бар – профессор Серікбай Әбілев

None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысының тумасы, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің профессоры, биология ғылымдарының докторы, генетик Серікбай Әбілев ҚазАқпарат тілшісіне өзі және көп жылғы зертеулерінің бір парасы жайында айтып берді.

Серікбай Әбілев СҚО Жамбыл ауданында дүниеге келіп, 8 жылдық қазақ мектебін үздік бітірген. 1963 жылы қазіргі Есіл ауданындағы ауыл шаруашылығы техникумының агрономия бөліміне оқуға түседі. 4,5 жыл оқып, өсімдіктерді қорғау агрономы мамандығын алып шығады.

«Оқуымның 8 айында тәжірибеден өттім. Ол кезде көктем-күз айларында студенттер агроном болып жұмыс істейтін. Осылайша тәжірибе жинайтын. Сол жылы Мәскеу мемлекеттік университетіне құжаттарымды тапсырдым. Техникумды қызыл дипломға тәмамдадым. Ол «алтын белгіге» тең еді. Бірінші емтихан биологиядан болды. Мен агроном болып жұмыс істедім ғой, әрі техникумда бізге өте жақсы білім берді. Емтиханнан сүрінбей өтіп, жоғары оқу орнының студенті атандым. Екінші курста генетика кафедрасын таңдадым. Өйткені мен техникумда оқыған кезімде өсімдіктанудан берген ұстазым Владимир Андреевич Смыслов генетика жайында, Николай Вавилов туралы, оның қалай генетикалық ресурстар банкін жинағаны жайында көп айтатын», - дейді генетика саласын таңдауына не себеп болғаны жөнінде Серікбай Әбілев.

Білімге құмар жас университетті де өте жақсы бағаға бітіреді. Алайда отбасылық жағдайына байланысты оқуын жалғастырмай, жұмыс істеймін деп шешеді.

«Жылда жазда құрылыс отрядтары құрамында жұмыс істеуді әдетке айналдырған едім. Сахалинде құрылысшы болып келгеннен кейін химиялық қосындылардың биология бойынша сынағы университетіне жұмысқа тұрдым. Бұл жаңадан ашылған оқу орны еді. Ол жерде мутогенез зертханасы болатын. Зертхананың негізгі мақсаты дәрі-дәрмекті зерттеу, яғни химиялық қосындылардың тірі организмдердің тұқымқуалаушылығына әсерін зерттеу болатын.

Дәрілік препараттар қауіпсіз деп ойламаңыздар. Олардың көпшілігінің мутогендік белсенділігі жоғары. Олар біздің ағзамыздың тұқымқуалаушылығына әсер етеді. Мысалы қазір көпшілік антибиотиктер көмектеспейді деп жатады. Ия ол дұрыс, өйткені антибиотиктер тірі организмдерге әсер етеді, мутация жүріп, бактериялардың төзімділігі пайда болады. Әсіресе клиникаларда көптеген микроорганизмдер, инфекциялар жиналған. Оларға дәрі әсер етпейді. Мұндай мәселе үлкен қалаларда, ірі клиникаларда бар. Ол жерде сырқаттар түрлі инфекциялық аурулардан емделеді, сәйкесінше бір жағынан жаңа антибиотикпен емделіп шықса, басқа инфекцияны жұқтырып, біраз уақыттан кейін басқа аурумен қайта түседі. Яғни бұл - ауруханаішілік инфекция.

Бұрын фурацилинмен емдейтін. Оның да мутогендік белсенділігі бар. Ол да бактериялардың тұқымқуалаушылық аппаратын өзгерте алады. Бірақ қазір үлкен қалаларда онымен ешкім тамағын шаймайды десе де болады. Ал ауылдық жерлерде болады. Өйткені елді мекендерде дәрілік препараттардың әсері төмен», - дейді ғалым.

Профессордың айтуынша, генетиктер қазіргі уақытта дәрілік препараттарды қолданудан кейін пайда болатын инфекциялар мәселесін терең зерттеп жатыр.

«Бактериялар бізді қоршаған ортада бар. Бактериялар антибиотиктерді бөліп шығарады, яғни антибиотик дегеніміз бактериялар, микроағзалар бөлетін тіршілік өнімі.

Бүкіл ғұмырымда химиялық қосындылардың - дәрі-дәрмектік, пестицидтік, ауыр металлдардың және тағы басқаларының мутогендік белсенділігін зерттеп келем. Біз қоршаған ортаны – ауаны, су мен топырақты қолданамыз. Сондықтан біздің ағзамызға көптеген химиялық қосындылар түседі. Көкөністер арқылы ауыр металдар, ауа арқылы автокөліктердің түрлі шығынды газдары, күнге қызған асфальттан бөлінген бу беріледі. Оларды бөгдетекті қосындылар немесе ксенобиотиктер дейді. Бұл химия біздің ағзамызға түскенімен қорытылмайды. Осылайша ағзамызға зиянын тигізеді. Ал ДНК-ны бұзатындарын мутогенді деп айтады. Ол ағзамыздағы ақуыздың құрылымын өзгертіп жіберуі мүмкін. Яғни мен қазір генетикалық токсикологиямен айналысып жатырмын.

Мысалы қазір дәріханаларда «диоксидин» деген препарат бар. Ол шектеусіз сатылады. Бұл қосынды Мәскеудегі Орджиникидзе атындағы фармокологиялық институтта жасалды. Ол оқ жарақаты инфекцияларын емдеуге арналды. Яғни адамда сепсис болса, оны жаңағы сұйықтықпен жуады. Қазір ол 5-10 мл ампулаларда дәріханаларда сатылып жатыр. Ата-аналар бұл препаратты балаларында отит болса құлақтарына тамызады, тамағы ауырса тамағына құяды. Бұл өте күшті препарат, оның мутогендік қасиеті бар. Ендеше уақыт өте келе оған инфекциялар үйренеді, тіпті адамның ДНК-сын да бұзуы мүмкін. Бәрінің бірдей емес, бірақ қатер жоғары.

Сол үшін не істеу керек? Біз бұл феноменді анықтаған кезде денсаулық сақтау министрлігіне жазып, дәрінің қорабына салынатын дәрі туралы парақшаға мұндай препараттарды аса қажет жағдайда ғана қолдану керектігін ескертуді ұсындық. Балаларға қолдануға тыйым салынуы керек» - дейді Серікбай Әбілев.

Ғалым антибиотиктердің төртінші буыны туралы да пікірін білдірді.

«Цефран, цефпиром, цефалоспорин, цефепимді барлық клиникаларда қолданады. Кейбірі тіпті коронавирус болғанда бактериялардың салдарын жою үшін бұл препараттарды қолданған шығар. Ципрофлоксацин да мутогенді препарат. Бактерияға қарсы препараттарды жасаған кезде, оған жартылай синтетикалық заттар алынады. Мысалы, ампицилин синтетикалық жолмен өзгертілген пеницилин. Ципрофлоксацин бактерия ДНК-сын тоқтату үшін жасалған, бірақ кей жағдайда ол бактерияға әсер етпейді екен. Жаңа бактерия бөлінеді, бірақ дәрінің әсерінен ол бактерия мүлде өзгертілген болып шығады. Сондықтан да дәрілік препараттарды мұқият қолданған жөн», - дейді профессор Серікбай Әбілев.


Соңғы жаңалықтар