Дәрілік препараттарды рецепсіз сатқан фармацевтер жазаланды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Көкшетауда фармацевтер дәрілік препараттарды рецепсіз жібергені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы ҚазАқпарат Ақмола облысының Полиция департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Ведомствоның мәліметі бойынша, қарашаның 19-нан бастап, облыс аумағында «Допинг» жедел алдын алу шарасы жүргізілуде. Шараның шеңберінде тәртіп сақшылары емдеу-алдын алу мекемесі, дәріхана, қойма және өнеркәсіптік кәсіпорындарда, яғни, қызметінде психотроптық және улы заттар қолданалытан нысандарда тексеріс жүргізуде.

Шараның алғашқы күні арнайы операция кезінде полицейлер есірткі құралдарының айналымы кезінде бірқатар заң бұзушылықтардың орын алғанын анықтады.

«Мәселен, Көкшетау қаласында полицейлер жергілікті дәріханалардың бірінде фармацевтердің дәрілік препараттарды рецепсіз сатқаны анықтады. Фармацевтердің бұл әрекеті ҚР ӘҚбК 426- бабының 1-бөлігі (фармацевтикалық қызмет және дәрілік құралдардың айналым саласы, медицналық мақсаттағы өнімдер және медициналық техника ережелерінің бұзылуы) әкімшілік заңбұзушылық ретінде тіркеліп отыр. Аталған санкция бойынша 70 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған», - дейді ведомстводағылар.

Сонымен қатар, тәртіп сақшылары осындай заң бұзушылықтарды Көкшетау, Степногор және Бурабай ауданы аумағында анықтады.

«Допинг» жедел алдын алу шарасы кезінде өзге де есірткі қылмыстары анықталып, жолдары кесілді. Бір тәуліктің ішінде Атбасар, Ақкөл, Бұланды, Есіл, Жақсы аудандары мен Көкшетау және Степногор қалаларында ҚР ҚК 296-бабының 1-3 бөлігі (есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен, прекурсорлармен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу) бойынша 9 қылмыс анықталды.

Соңғы жаңалықтар