Дәріхананы заңсыз тексерген қызылордалық полицейлер жауапқа тартылады

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада полиция қызметкерлері дәріханаға заңсыз тексеру жүргізген. Бұл деректі Қармақшы аудандық прокуратурасы анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Полиция қызметкерлері кәсіпкердің дәріханасынан «Кетанов» дәрісі және «Гепарин» жақпамайын сатып алған тұтынушыдан жауап алған. Нәтижесінде дәрілік заттар рецептісіз сатылған деген ұйғарым жасалған. Соған байланысты дәріханаға тексеру жұмыстары жүргізілген. Дегенмен, аталмыш дәрі мен жақпаймай құрамында есірткі және психотроптық заттары бар дәрілер тізіміне кірмейді.

«Дәріхана қызметін тексермес бұрын полиция қызметкерлері тұтынушыдан дәрілік заттарды алу кезінде оған қоса тіркелетін нұсқаулықпен танысуы тиіс еді. Сол арқылы құрамында есiрткi және психотроптық заттардың бар-жоғын білуге толық мүмкіндігі болған. Соған қарамастан, олар жеке кәсіпкердің қызметіне тексеруді бастаған. Полиция қызметкерлері Кәсіпкерлік кодекстің 154-бабы 2-тармағының талаптарын бұза отырып, жеке кәсіпкер қызметінде тексеру нысанасына жатпайтын мәселе бойынша заңсыз тексеру әрекеттерін жүргізген», - деп мәлім етті Қармақшы ауданының прокуратурасынан.

Прокурордың наразылығымен кәсіпкерге қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 426-бабы 1-бөлігімен 328 мың теңге мөлшеріндегі әкімшілік айыппұл салу туралы қаулының күші жойылды. Облыстық Полиция департаментіне заң бұзушылықтарды алдағы уақытта болдырмауға және кінәлі полиция қызметкерлерін жауапқа тарту туралы ұсыну енгізілді.


Соңғы жаңалықтар