Дәріханаларға ыстық түсіретін дәрі-дәрмек қашан жеткізіледі – министрлік жауабы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елдегі дәріханаларда халық ішінде үлкен сұранысқа ие дәрі-дәрмек түрлері қашан әкелінеді? Бұл сұраққа ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Денсаулық сақтау вице-министрі Людмила Бюрабекова жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елдегі дәріханалардан кейбір препаратты халық жаппай сатып алып кетті. Негізгісі ыстық түсіретін – парацетамол. Жалпы біздің елде парацетамолдың 80 түрі барын атап өткім келеді. Ол таблетка күйінде де, сироп мен свеча күйінде де сатылып жатыр», - деді вице-министр.

Оның айтуынша, парацетамол қазіргі уақытта елдегі өңірлердің бәріндегі дәріханаларға таратылуда.

«Алматыда қазір де бар. Қарағанды облысындағы, Нұр-Сұлтан қаласындағы дәріханаларда да қолжетімді. Алдағы екі-үш күннің ішінде аймақтарға да жеткізіледі», - деді Людмила Бюрабекова.

Вице-министр сонымен бірге дәріханаларға вирусқа қарсы препараттар да жетпей жатқанын айтып өтті. Ол препараттар да жақын арада өңірлердің бәріндегі дәріханаларға жеткізілмек.

Еске сала кетсек, Людмила Бюрабекова бұған дейін Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырған адамдарды емдеу хаттамасына жаңа схема енгізілгенін мәлім еткен еді. Оның айтуынша, қазақстандық дәрігерлер анасынан коронавирус жұқтырып туған 21 сәбиді емдеп шығарған.


Соңғы жаңалықтар