Дәрігерлерге үстемеақы төлеуге қосымша 150 млрд теңге бөлінеді - Президент

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Медицина мамандарына үстемеақы төлеуге екінші жартыжылдықта қосымша 150 миллиард теңге бөлінеді. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Алматыдағы жұқпалы аурулар ауруханасының жаңа филиалына бардым. Коронавирустың екінші толқынының қаупін ескере отырып, денсаулық сақтау саласына баса мән берілетін болады. Екінші жартыжылдықта дәрігерлердің үстеме төлемақысы үшін қосымша 150 миллиард теңге бөлінеді», - деп жазды Мемлекет басшысы Twitter-де.

Еске салайық, бүгін Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Алматы қаласына келді.

Қ.Тоқаев шаһарға сапарын И.Жекенова атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының жаңа филиалын аралап көруден бастады. Мемлекет басшысы атап өткендей, 2023 жылға қарай медицина қызметкерлерінің еңбекақысын бүкіл экономикадағы орташа жалақыдан екі есе жоғары деңгейге жеткізу міндеті қойылды.

«Алғашқы медициналық санитарлық жәрдем беру ісін дамытуға баса мән беріледі. Өкінішке қарай, біз бұл салаға уақытында назар аудармадық. Эпидемия мұндай іс-қимылдардың қате екенін көрсетті. Қазір жіберген қателіктерге дұрыс көңіл бөліп, оларды түзетуіміз керек. Әрине, медицина әрдайым басты назарымызда болады», – деді ол.

Сондай-ақ ҚР Президенті коронавирустың ықтимал жаңа толқынына дайын болудың маңыздылығын айтты. Осы ретте азаматтарымыздың өмірі мен денсаулығын сақтау үшін барлық ресурсты жұмылдыру қажет.

Бұдан бөлек, Қ.Тоқаев Алматының Индустриялық аймағында болды. Қ азақстандық «Hyundai Trans Kazakhstan» зауытының іске қосылуға дайындығын тексерді. Республика алаңындағы қайта жөндеуден өткен «Алмалы» демалыс аумағын аралап көріп, көпфункционалды «SEN» музыкалық орталығына барды.




Соңғы жаңалықтар