Дәрігерлерге үстемақы тағайындау отандық медицинаға деген сенімнің артқаны - Біржан Байтуов

None
None
ТҮРКІСТАН. ҚазАқпарат - Медицина қызметкерлеріне үстемақы тағайындау отандық медицинаға деген сенімнің артқаны деп білемін. Айтыскер ақын, «Дарын» жастар сыйлығының иегері Біржан Байтуов Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес коронавирусқа қарсы күресіп жүрген дәрігерлерге қолдау көрсету жөніндегі тапсырмасына орай осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі таңда елімізде енгізілген төтенше жағдай кезінде ауыр індетпен күресіп жүрген мамандардың бірі – медицина қызметкерлері. Олар аты жаман індет таралған сәттен бастап жан аямай күресіп келеді. Осындай сәтте дәрігерлерге айтар алғысымыз мол. Себебі, қара бастарының қамы үшін емес, елге тигізер пайдасы мен халықтың жан амандығы үшін күн-түн демей қызмет етіп келеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша медицина қызметкерлеріне үстемақы тағайындалатын болады. Қыры мен сыры көп маман иелеріне мемлекет тарапынан мұндай жәрдемнің көрсетілгені – олардың еңбегінің еленгені деп білемін», - дейді Біржан Байтуов.

Оның айтуынша, қазір дәрігерлердің арқасында коронавирус инфекциясынан емделгендер қатары артып келеді.

«Өзгенің қуанышына ортақтасып, қосылып қуана білейік. Өйткені ақ халатты абзал жандардың арқасында елімізде дерттен айыққан жандардың саны 26-ға жетті (1 сәуір күні 13:00-дегі жағдай бойынша). Бұл көрсеткіш алдағы уақытта артып, еліміз толықтай ауыр дерттен арылатынына сенемін.

Медицина қызметкерлеріне үстемақы тағайындау отандық медицинаға деген сенімнің артқаны деп білемін. Сенім ақталып, ел ішінде тұрақтылық орнайтын күнге бірге жетейік!», - деді ол.

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавируспен күресіп жатқан медицина қызметкерлеріне көмек көрсету туралы тапсырма берген еді. Осыған орай Үкімет басшысы Асқар Мамин мемлекеттік комиссияның отырысын өткізіп, онда арнайы шешім қабылдады. Аталған шешімге сәйкес медицина қызметкерлері жұмысының қауіптілігіне қарай 3-топқа бөліне отырып, олардың жалақысына үстемеақы қосылады.


Фото: mail.kz
Соңғы жаңалықтар