Дәрігерлердің жалақысын өсіру медициналық қызмет сапасын да арттыра түседі - Көкшетау қалалық ауруханасының бас дәрігері

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Елбасының тікелей жанашырлығы мен қолдауының арқасында айтылған денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің жалақысы 28 пайызға өсетіндігі көкшетаулық дәрігерлердің де көңілінен шығып отыр. Бұған Көкшетау қалалық ауруханасының бас дәрігері Серік Кәкеновпен кездескенімізде көз жеткіздік.

Оның айтуынша, алдағы уақытта еліміз үшін жауапты кезең басталмақ. Президент өз Жолдауы арқылы мерейлі белестегі атқарған істерді қорытындылап, болашаққа бағдар жасады. Әсіресе, салауатты өмір салтын өрістетудегі басым бағыттар бойынша Мемлекет басшысы қазақстандықтар ең ұзақ өмір сүретін елдердің қатарына қосылатынын айтып, ел тұрғындарының 97 пайызы әлеуметтік ахуалдың тұрақтылығын және оның жыл өткен сайын жақсара түсетіндігін нақтылап берді.

Сонымен қатар, Серік Кәкенов Жолдауда айтылған денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің жалақысын өсіру медициналық қызмет сапасын да арттыра түседі деп отыр.

"Елбасының тікелей жанашырлығы мен қолдауының арқасында денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінің жалақысы 28 пайызға өсетіндігі менің көңілімнен шықты. Медициналық-санитарлық көмек көрсетуді дамыту медицина саласының басты әрі айқын бағыты болмақ. Елбасы айтқан азаматтардың медициналық жеке сақтандыруға көшуі өте құптарлық іс. Бұл медициналық қызмет сапасын арттыра түседі. Осы орайда мен Президенттің қазақстандықтар спортпен шұғылданып, дұрыс тамақтанып, жиі профилактикалық тексерілуден өтіп тұруы аурудың алдын алуын қамтамасыз етеді деген ойымен толық келісемін. Бұл стратегия барлық саланы қамтитын, үздік өсуді және қазақстандықтардың ғұмыр жасын ұлғайтуды қамтамасыз ететін жаңғырту жолы болса, біз бір адамдай оның мүлтіксіз орындалуына атсалысуға дайынбыз", дейді С.Кәкенов.

Соңғы жаңалықтар