Дәрігерлер симптомы жоқ КВИ жұқтырғандар неге үйде емделетінін түсіндірді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда өткен онлайн брифинг барысында дәрігерлер КВИ жұқтырған науқастардың кейбірі неге үйде емделуі тиіс екендігін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дәрігер инфекционист Тамара Ұтағанованың айтуынша, әлемде КВИ емдеудің клиникалық диагностикалық хаттамасының 9 редакциясы енгізілген.

«Халықаралық аурулар классификациясы бойынша ауруларды қалай тіркеуді анықтадық. Қарқынды терапия және реанимациялық бөлімшелерге қай науқастарды жатқызу керек. Симптомы жоқ науқастар, жеңіл науқастарды емдеу, медициналық-санитарлық көмек ұйымдарының көмегі, бақылауы, қалай оқшаулану керектігі турасында өзгерістер енгізілді», - деді маман.

Қазір сонымен қатар науқастарды емдеуге алдыңғы хаттамада жоқ дәрілер енгізілген.

«Мұның алдында барлық науқастар ауруханаға жатқызылатын еді, ауруханада бақыланатын. Оларды симптомдары болсын-болмасын дәрі-дәрмекпен емдейтінбіз. Қазір егер еш белгілері жоқ болса, ауру жеңіл өтсе, ем-шараларын жүргізу қажеттілігі жоқ. Егер науқастың бойында қосалқы аурулар болатын болса, онда ол адам бірінші санитарлық медициналық көмек ұйымдарымен бақыланады. Бақылау қашықтан болады, күнделікті 2 рет қоңырау шалу немесе 3 күнде бір рет видеоқоңырау шалу арқылы жасалады», - деді Тамара Ұтағанова.

Сонымен қатар, дәрігер үйінде симптомсыз жатқан науқастарға не ішу керектігін түсіндірді.

«Үйде жатқан симптомы жоқ адамдар не дәрі ішуі керек? Арнайы дәрі қабылданбайды. Тек бақылау жүргізіледі. Науқастың қызуы көтерілгенде - қызуға қарсы, тамағы жыбырласа - симптомактикалық ем жасау керек», - деді Т. Ұтағанова.

Қаланың бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшиннің айтуынша, қазір қалада соңғы 10 күнде ауру көрсеткіші 5% болып тұр.

Қала билігі осы көрсеткішті 1%-ке дейін төмендетуді мақсат тұтып отыр. Сонымен қатар, қаладағы төсек орындардың 95 пайызы толған.



Соңғы жаңалықтар