Дәрігерлер Шымбұлақ тау шаңғысы курортында жарақаттанған ер адамға қатысты түсініктеме берді

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін таңғы 4 шамасында Алматыдағы қалалық жедел көмек көрсету ауруханасына Шымбұлақта жараланған ер адам жатқызылды. Бұл жағдай туралы БАҚ-та бірнеше нұсқадағы ақпарат тараған болатын. Науқастың айтуынша, ол аспалы жол кабиналарының бірінен жерге түспек болған кезінде жараланған. Бұл туралы аталған аурухананың травматология бөлімі меңгерушісі Владимир Семенов мәлім етті.

«Бізге түскенде 50 жастағы азаматтың аяғы сынған, басы жарылған. Ол бірден жансақтау бөліміне жатқызылды. Жедел ем жасалған соң бөлімшеге ауыстырылды. Науқастың жағдайы қазір қалыпты десек те болады. Есін біледі, бірақ басына ауыр соққы тигендіктен жағдайы ауыр», - деді дәрігер. Ал «Шымбұлақ» тау шаңғысы курорты бұл оқыс оқиға туралы түсініктеме беруден бас тартып отыр. «Әзірге ешнәрсе айта алмаймыз. Осыған қатысты ішкі анықтау жұмыстары жүргізілуде», - деді баспасөз хатшысы Сая Оқас. Естеріңізге сала кетейік, бүгін ақпарат сайттарында ер адамның аспалы жол кабиналарынан секіріп түсіп, жарақаттанғаны туралы ақпарат тараған еді. Кейін бірқатар БАҚ-та хабарланғандай, ер адам кабинада бірнеше сағат отырып қалған. Ұзақ уақыт көмек күткен ол амалсыздықтан кабинадан өз еркімен түспек болған.

Соңғы жаңалықтар