Дәрігерлер шетелге шыққанда қандай екпе алу керектігін айтты

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда қалалық Денсаулық сақтау басқармасы шетелден жұқпа жұқтырып келетін туристерді бақылайтын штаб құрды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Штабтың бүгінгі отырысында туристер арасында аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу бойынша ведомствоаралық жедел әрекет ету бойынша жоспар құрылды. Жиынға қалалық Қоғам денсаулығын қорғау департаментінің, туризм басқармасының,  Алматы әуежайының медициналық қызмет бөлімінің, туристік орталықтың мамандары қатысты.

Басқарма басшысы Серікбол Мусинов қаладағы эпидемиологиялық ахуалды қатаң бақылауға алу туралы тапсырма берді.

Санитарлық қадағалау бөлімінің мамандары шетелге шығатын туристерге алдын ала екпе салып алуға кеңес берді.

«Шетелге шығатын туристердің медициналық сақтандыру полисі болуы тиіс. Соның арқасында туристер өз денсаулығына қатысты төтенше оқиғалардан сақтана алады. Қажетті дәрі-дәрмекті Қазақстанда сатып алған абзал. Кейбір дәрілер шетелде сатылмайды. Климаты ыстық елдерге шықпас бұрын алдын ала екпе қабылдауға кеңес береміз. Тропикалық елдерге шықпас бұрын - күл, сал, сіреспе ауруларына қарсы,  Африка (Сахара шөлінен оңтүстікке), Латын Америкасы еліне шығатын адамдар - сары безгекке қарсы, Меккеге қажылыққа аттанатындар - менингокок жұқпасына қарсы, Оңтүстік Шығыс Азия елдеріне баратындар  сары безгек пен В гепатитіне қарсы екпе алуы керек», - деді мамандар.

Айта кету керек, жыл басынан бері Үндістаннан демалып келген 5 адам тырысқақ ауруын жұқтырып келгенін хабарлаған болатынбыз. Олардың барлығы жағажайда суға түскен, теңіз өнімдерін шикі күйінше жеген. 

Соңғы жаңалықтар