Дәрігерлер осындай: Қостанайлық дәрігер коронавируспен қалай күрес жүргізілгені туралы айтып берді

None
None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – Шілде айында № 4 Қостанай емханасының дәрігері Ғабит Атамбозовқа Тобыл қаласының Жұқпалы аурулар стационарының дәрігері ретінде қайта біліктілігін арттыруға тура келді. Пандемия кезіндегі жағдайдың қалай болғаны туралы дәрігердің өзі әңгімелеп берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Форс-мажор

-Қарағанды медициналық университетін ойдағыдай тәмамдап, өткен күзде мен, ынта-жігері мол, амбициясы мықты ретінде туған жерім - Қостанай қаласына оралдым. Жалпы практика дәрігері ретінде қабылдау жүргізе бастадым. Алайда мамыр айында емханадағы жұмысымнан уақытша бас тартуға тура келді. Адамдар ауырып, қалада карантин басталды, емхана жанындағы провизор бөліміне мамандар қажет болды. Басшылық ұсыныс жасап, мен оын қолдап осы жұмысқа келістім. Бұл – дәрігерге қажетті тәжірибе. Әрине, жақындарым үшін алаңдап, қорықтым, сол себепті де бірден олардан оқшауландым. Отбасыма рахмет, менің шешіміміммен келісіп, қолдау жасады. Бір-бірімізге бейнеқоңырау шалып, сөйлесіп тұрамыз, оған да етіміз үйреніп қалды.


Кейіннен мобильді бригада құрамында шақыртуға шығып жүрдім. Шілде айының басында жағдай аса ауыр болды, бір күнде шалынатын қоңырау саны мыңнан асып жығылатын. Таңертеңнен кешке дейін жұмыс толастамады. Сондай күндердің бірінде, жұмыстың соңына қарай телефоннан Тобыл қаласының жұқпалы аурулар ауруханасында пневмонияға шалдыққан науқастар көбейгені, жағдай ушығып, дәрігерлердің үлгермей жатқаны жайында хабар келді. Уақыт кешкі жеті-сегіздер шамасы, емханада мен және әріптесім екеуміз ғана қалған болатынбыз. Хабарды ала сала, осынау қиын-қыстау кезеңде, форс-мажор жағдайын ескеріп, біз бірден әріптестерімізге көмекке аттандық.

Соғыста сияқты

- Алғашқы күндер аса қиын болды. Бөлім жақында ғана ашылған, ал облыста науқастар саны күн санап күрт өсіп келеді. Күн ыстық, «Жедел жәрдем» машиналары бірнеше сағат қатарынан кезекте тұрады, ішінде - пневмонияға шалдыққан, жағдайы өте ауыр науқастар.

Олардың барлығына жедел көмек қажет. Сондықтан бізге демалыссыз, таңғы сегізден кешкі сегізге дейін толассыз жұмыс істеуге тура келді. Күшіміз де азая бастаған сияқты. Күніне 70-ке дейін науқасты тексеріп жүрдік. Вирус аймақтан ауа алмаспайтын қорғаныс киімімен терлеп, малмаңдай су болып шығатынбыз.


Өз-өзімді мығым ұстауға не себеп болғанын білмеймін, мүмкін, жастық пен ынта, көмек көрсетуге деген құлшыныс шығар. Бір тәулік бойы аяғымнан тік тұрып, кезекшілігімді атқарып, артынан бірнеше сағат қана демалып, қайтадан тәулік бойғы кезекшілікке шығатынмын. Осындай кезде тек моральдық тұрғыдан қатты шаршайтынмын. Аға буын әріптестеріме де ауыр қорғаныс костюмін киіп жүру оңайға соққан жоқ. Біз қазір соғыста жүргендейміз. Тек көрінбейтін жау - вируспен күресіп жатырмыз. Соңғы науқас дертінен айығып шықпайынша, мен де осы стационарда боламын. Осылай бұл жағдайды халықпен бірге бастан өткереміз. Бұл мәңгі тұратын жағдай емес бәрі өзгереді ғой… Дәрігер ретінде бұл жағдай мен үшін үлкен тәжірибе болды. Үйренгенім көп.

Күлімдейтін кез келді

- Мен пациенттердің, бізді, медицина қызметкерлерін, түсінгенін қалар едім. Біз олардан азбыз, сондықтан олардың барлығына бірден назар аудару қиын. Көптеген ауыр науқастар болды, бәрін құтқару мүмкін емес еді – жасы ұлғайған, созылмалы ауруы барлар, өкпенің зақымдануы 90-95 пайыз болған науқастар... Біз олардың әрқайсысы үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық және әлі де жасаудамыз Бірақ вирус ешкімді де аяп жатқан жоқ...

Медициналық университеттің бірінші курсында оқып жүрген шағымда проректор, керемет дәрігер және оқытушы Вилен Молотов-Лучанскийдің «Дәрігер - бұл салқынқандылық, мейірімге толы жүрек, жылы қол» деген сөздері менің жүрегімде мәңгі сақталып қалған еді. Аса бір ауыр кезеңдерде (пациенттер әртүрлі болады ғой), мен үнемі ішімнен осы сөздерді қайталаймын. Кез-келген жағдайда адам болып қалу маңызды деп санаймын. Біреуге жылы қабақ, мейірімді сөздер, ал біреуге қаталдық қажет.

Әрине, пациенттердің науқасынан айығып, ауруханадан шығуы дәрігер үшін бір ғанибет қой. Олардың бақыттан бал-бұл жанған жүздерін, күліп, алғыс білдіргенін көрудің өзі бір керемет сезім. Олардың сөздері, шынай айтқан тілектері боймызға күш- қуат беріп, өзіміздің қажеттілігімізді сезіндіреді. Пациенттер бізді естеріне сақтап қала алмайды, әдетте танымайды да, өйткені оларға біз қорғаныс киімін киіп, бастан аяқ тұмшаланып келеміз. Тек ауруханадан шығарар уақытта, оларға ұсыныстар жазылған аурухана парағын беру үшін жай маскамен барған кезде, олардың «Дәрігер, сіздің түріңіз осындай екен ғой!» деп таңқала айтқан сөзін естимін.


Соңғы жаңалықтар