Дәрігерлер Нұр-Сұлтанда жантүршігерлік жол апатынан аман қалған қызды аяққа тұрғызды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Академик Батпенов атындағы ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығының дәрігерлері Нұр-Сұлтан көпірінде болған жол апатынан аман қалған қызды аяққа тұрғызды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«30 қыркүйекте біздің орталықтың қабылдау бөліміне түскен. Науқасты тексеріп, омыртқасы мен жұлынына шұғыл ота жасалды. Ота 4,5 сағатқа созылды. Науқастың жағдайы тұрақтанғаннан кейін одан әрі емдеу үшін жалпы бөлімге ауыстырылды. Кеше қыз үйге шықты, қазір өздігінен қозғала алады. Алда оны оңалту шаралары күтіп тұр», - деді ғылыми орталықтың баспасөз қызметі.

Баспасөз қызметінің өкілдері жантүршігерлік апаттан аман қалған қыздың оңалуына орталықтағы медициналық персоналдың бәрі үлес қосқанын, әсіресе реаниматолог пен хирургтардың, нейрохирургтардың жұмыла жүмыс істеуі себеп болғанын айтады.

Дәрігерлердің айтуынша, қыздың өмірге деген құштарлығы да оған жасалған емдік шаралардың ағзаға жақсы әсер етуіне ықпал жасаған.

Айта кетейік, қызға отаны №1 травматология бөлімінің меңгерушісі Мұрат Байдарбеков, анестезиолог – анестезиология және реанимация бөлімінің меңгерушісі Тұрсын Жексембиев жасаған.

Еске салсақ, 30 қыркүйек күні елордада жантүршігерлік көлік апатынан 5 адам мерт болып, жалғыз қыз аман қалған болатын.

Ол жолаушы елордадағы академик Нұрлан Батпенов атындағы Ұлттық ғылыми травматология және ортопедия орталығына жеткізілді.

4 қазан күні науқас дәрігерлер науқасты жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырылатынын айтты.



Соңғы жаңалықтар