Дәрігерлер мен полиция қызметкерлеріне оразаны тоқтатуға рұқсат етіледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Біреудің өміріне жауапты әрі зәру қызмет иелері оразаны кейінге қалдыра алады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен биылғы Рамазан айына қатысты мәліметтер бойынша баспасөз конференциясында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Өз қажеттілігін қоспағанда, мал-мүлкі, дүниесі, күміс нисабына жеткен, яғни 127 мың теңгесі бар адам Рамазан айында өзі және отбасысы үшін пітір садақа беруі міндет, уәжіп болады. Пітір садақасы пенденің ораза кезіндегі жіберіп алған қате-кемшіліктерінің өтеуі үшін және көмекке мұқтаж жандарды материалдық қолдау мақсатында беріледі», - дейді ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Ершат Оңғаров.

Ол қандай саладағы адамдар Оразаны тоқтата алатыны туралы айтты.

«Біреудің өміріне жауапты әрі зәру қызмет иелері, ұшқыш, дәрігер және тағы да кенші, металлург сияқты басқа ауыр жұмыс иелері ораза ұстауға шамасы жетпесе оны кейінге қалдыра алады. Сонымен қатар, елдің қарулы күштері бейбітшілік жағдайынан соғыс жағдайына көшірілген кезде ораза тұту әскердің қырағылығы мен жауынгерлік дайындығын әлсіретуге алып барса – оразаны тоқтатуға рұқсат етіледі. Оның орнына басқа күндері ораза ұстайды», - дейді ол.

Одан бөлек, Ершат Оңғаров коронавирус белгілері пайда болса оразаны тоқтату керегін атап өтті.

«Төтенше жағдайды ескере келе, мұндай жағдайда белгілі бір ағзаның зақымдануы, жаңа аурудың пайда болуы және аурудың асқыну қаупі күшейетініне білікті дәрігер сенімді болса – ораза ұстамауға рұқсат етіледі. Коронавирусқа ағза әлсіреп, ауру белгілері пайда болса – оразаны тоқтатып, басқа күні ораза қазасын өтеуге рұқсат етіледі», - деді наиб мүфти.

Сондай-ақ, ол мобильді қосымшаларды төтенше жағдайға байланысты арнайы шығарғандарын айтты.

«Төтенше жағдай аяқталғаннан кейін де мобильді қосымшаны қолдана беру жоспарда бар. Өйткені мешіттегі қаржы айналымының ашықтығын қалаймыз», - дейді ол.



Соңғы жаңалықтар