Дәрігерлер күні: Елжан Біртанов өзін таңдандырған дәрігерлер туралы айтып берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов медицина қызметкерлері күні қарсаңында жас дәрігерлер жөнінде айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әсіресе, Жастар жылы аясында министр жас дәрігерлердің жұмысына ерекше көңіл бөлген.

«Мен Қазақстандағы көптеген ауылға барып, медициналық мекемелерді араладым. Аудандық аурухана, амбулаторияда еңбек етіп жүрген өз жұмысын жақсы көретін жас мамандарды көріп, қуандым. Мысалы, Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданындағы ауруханада жалпы тәжірибелі дәрігер Сәния Атақановамен таныстым. Оның ауруханаға жұмысқа орналасқанына небары жарты жыл болғанына қарамастан, бірнеше рет өте қиын жағдайларға кез болып, талай адамды аман алып қалған», - деп жазды Е. Біртанов әлеуметтік желідегі парақшасында.

Тағы бір мысал ретінде ведомство басшысы Финктер дәрігерлер әулетін атап өтті.

«Ағайынды Евгений мен Эдуард Финктердің екеуі де хирург. Ағасы мен інісі Қостанай облысындағы Федоров аудандық ауруханада жұмыс істейді. Евгений хирургия бөлімінің меңгерушісі әрі анестезиолог-реаниматолог, ал Эдуард - хирург, қосымша лор-дәрігер. Евгений жансақтау бөлімінде де бөтен адам емес. Мен олардың адам өмірін сақтау жолындағы осындай әмбебап қызметтеріне таң қалдым», - дейді министр.

Е. Біртанов Исатай ауданындағы ауруханаға барғанда Түркістандағы медицина университетін тәмамдаған жас акушер-гинеколог Иман Пернебековті кездестірген. Университетті бітірген соң Иманның бірден ауданға келгенін министр болашақ дәрігерлерге үлгі етіп көрсетті.

Сонымен бірге, Елжан Біртанов Қазақстанның денсаулық сақтау саласында түбегейлі өзгерістер болып жатқанын атап өтті. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу, медициналық-санитариялық алғашқы көмек, ауруларды емдеудің жоғары технологиялық әдістері, адами ресурстарды стратегиялық басқару жобаларын іске асыру, медициналық білім беруді жаңғырту, жедел жәрдем қызметінің сапасын жақсарту жұмыстары қызу жүруде.

«Өткен жылы Медициналық-санитариялық алғашқы көмек туралы жаһандық конференция бойынша Астана декларациясы қабылданды. Бұл - Қазақстанның медициналық қауымдастығы үшін тарихи оқиға. Астана қарарының негізгі қағидаты - бүкіл әлемдегі медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсетуді дамыту және жақсарту. Бұл жобаға қоғамдық денсаулық сақтау саласында еңбек етіп жүрген жас сарапшылар - Айнұр Айыпханова мен Сержан Айдосов жетекшілік етті. Айнұр - Денсаулық сақтау министрлігі Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының бас директоры, Сержан - директордың міндетін атқарушы. Оларға халықаралық денсаулық сақтау саласындағы Қазақстанның дәрежесін көтеруге қосқан үлесі үшін алғыс білдіремін», - деп жазды Елжан Біртанов.

Сөз соңында министр медицина мамандығының қоғамдағы ең абыройлы, сұранысқа ие мамандық болып қала беретінін айтып, оларды кәсіби мерекесімен құттықтады.

«Сіздер әрбір адамды дүниеге келген күнінен бастап өмірінің соңына дейін сүйемелдейсіздер. Сіздер адам үшін ең қымбат құндылық - оның денсаулығы мен өмірін сақтауға көмек көрсетесіздер. Кәсіби шеберліктеріңіз шыңдалып, халықтың ризашылығына бөлене беріңіздер демекпін. Сіздердің өмірлеріңіз бақытты да табысты сәттерге толы болсын, зор денсаулық және отбасыларыңыз бен жақындарыңызға амандық тілеймін», - деп құттықтады Денсаулық сақтау министрі.
Еске сала кетсек, бүгін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаве дәрігерлерді төл мерекесімен құттықтады.
«Дәрігерлердің кәсібилігі, антқа адалдығы мен жылы жүрегі адамның тәнін ғана емес, жанын да емдейді. Ақ халатты абзал жандарға мықты денсаулық, мол табыс тілеймін!», деп жазды Президент құттықтауында.

null null

Соңғы жаңалықтар