Дәрігерлер қарда жүретін көлік қаққан екі ақтөбеліктің жағдайы туралы айтты

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде қарда жүретін көлік қағып, ауруханада жатқан екі жасөспірімнің жағдайы бірқалыпты. Отадан соң ем қабылдаған екеуі де үйіне шығады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қайғылы оқиға 28-қаңтар күні болды. «Тау» демалыс базасында қарда жүретін көлікті жүргізген бозбала бір топ адамды қағып өткен.

Олардың арасында бір жастан асқан баласын көтеріп жүрген қала тұрғыны болды.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, 40 жастағы әйел оқиға орнында көз жұмды. Өзгелері жедел жәрдем көлігімен облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Олардың көбінің миы шайқалған, бас ми жарақатын алған.

«Қазір қарда жүретін көлік қағып кеткен екі бала жатыр. Оның бірі 16 жаста. Жабық бас-ми жарақаты, ми шайқалуы диагнозы қойылған. Оның оң жақ аяғы зақымданған. Жансақтау бөлімінен шықты. Жағдайы жақсы. Осы аптада үйіне жібереміз. Сонымен бірге 12 жастағы қыз да бас-ми жарақатын алған. Травматологиядан бет-жақсүйек хирургиясы бөліміне ауыстырылды. Әлі де ем жасап, амбулаторлы күнде ем қабылдауға жібереміз», - деді облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Ербол Жапақов.


Соңғы жаңалықтар