Дәрігерлер қарда жүретін көлік қаққан бір топ ақтөбеліктің қал-жағдайы туралы айтты

Фото:
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Көлік қаққандардың кішкентайы бір жарым жаста. Ол ауруханада ем алып жатыр. Сонымен бірге 5, 16, 17 жастағы жапа шегушілер дәрігерлердің бақылауына алынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбедегі «Тау» демалыс базасының аумағында оқыс оқиға болды. Облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2007 жылы туған ақтөбелік қарда жүретін Lynx автокөлігін жүргізіп келе жатып, жабдықталған қар сырғымасының жанында тұрған бір топ адамды қағып кетті. Оқиға салдарынан 40 жастағы әйел қаза болды. Дәрігерлер балалар ауруханасына түскен науқастардың жағдайы туралы хабарлады.
«16 жастағы қыз жабық ми жарақатын алды. Оң жақ жамбасы зақымданған. Оң жақ өкпесінен қатты соққы алған. Қазіргі кезде жағдайы ауыр. Науқас есін біледі. Ауырсынуды басатын дәріні қосымша қабылдап жатыр. Тағы бір 16 жастағы қыздың миы шайқалды. Ми жарақатын алды. Есін біледі, жағдайы орташа ауыр. Ал 1,5 жасар ұл баланың жағдайы орташа ауыр. Оның да миы шайқалған. Тыныс алуы қалыпты. 5 жасар ер баланың басы жараланған. Жағдайы орташа ауыр. Ал 17 жастағы бозбала қабылдау бөлімінде ем алды. Оның жағдайы тұрақты»,- деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев.
Ал ауруханаға жеткізілген 49 жастағы ер адам туралы мәлімет әзірге жоқ.

Фото: Ақтөбе облыстық ПД баспасөз қызметі.


Соңғы жаңалықтар