Дәрігерлер халыққа «ауырмаудың жолын іздеуді» үйретуі қажет - депутат

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Дәрігерлер халыққа «ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеуді» үйретуі қажет. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауының негізгі бағыттары талқыланған Астана қаласының №10 ауруханасында ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Майра Айсина осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Елбасы өзінің дәстүрлі Жолдауларында еліміздегі азаматтардың өмір сапасын қалай көтеру керектігін жиі айтады. Өзінің кезекті Қазақстан халқына Жолдауында да Мемлекет басшысы ең басты мәселе ретінде халықтың әл-ауқатын қалай көтереміз деп, көпті осы іске жұмылдырып отыр. Мемлекет тарапынан тиісті жұмыстар жүргізіліп жатса, екінші жағынан ол тапсырмалардың қалай жүзеге асырылып жатқанын, халықтың қажеттілігі мен мұң-мұқтажын білуіміз керек. Халық қалай қабылдайды деген сұрақтың жауабын білуге тиіспіз. Осы мақсатпен біз - Мәжіліс депутаттары ел аралап жүрміз. Біздің жұмысымызды дәрігерлерден бастау себебіміз - адами ресурс бәрінен қымбат», - дейді Мәжіліс депутаты.

Оның айтуынша, депутаттар қаладағы №10 ауруханаға пациенттердің пікір-ұсыныстарын біліп, дәрігерлердің қызмет сапасын тексеру үшін арнайы келген.null  

«Астанада халық көп тұрады. Ауруханалар, дәрігерлер жетіспейді. Астана түгілі республика бойынша осындай мәселелер бар. Сондықтан, ең бірінші халықтың әлеуметтік көңіл-күйі қалай екенін білу үшін келіп отырмыз», - дейді ол.

Майра Айсина өз сөзінде мемлекет тарапынан көптеген шаруалар жүзеге асырылып жатқанын атап өтті. Білім мен денсаулық саласына қаражат та бөлінеді.null

«Бірақ, адами қарым-қатынасқа көп нәрсе байланысты.Сол себептен халықпен кездескенде де айтып жүреміз: адамның денсаулығының 15 пайызы ғана дәрігерлерге байланысты. Өз денсаулығының 85 пайызы халықтың өз қолында. Сондықтан, қазіргі дәрігерлерге айтатынымыз, тек дәрі-дәрмектерге жүгінбей, адамдардың психологиясына, өз денсаулығын жақсарту мәселесіне көңіл аудартуға тырысқымыз келеді. Нені пайдалану керек? Ішетін су мен жейтін тамақты қалай тексеру керек. Дәрігерлер халыққа осыны түсіндірсе дейміз. Халықпен де кездескенде өз денсаулығына баса маңыз беруді айтып жүрміз», - дейді Парламент Мәжілісінің депутаты.

Майра Айсинаның сөзіне қарағанда №10 қалалық аурухана енді ғана қолданысқа беріліп жатқандықтан, мекемені әлі де жабдықтау керек. Ол цифрландыру ісіне әлеуметтік нысандардың көңіл аударуы керектігін атап өтті.

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған биылғы Жолдауында медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеруді тапсырған болатын.

Соңғы жаңалықтар