Дәрігерлер балаларды субұрқақтарға жібермеуге кеңес берді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Павлодар облысында 2018 жылдың алты айы ішінде үш бала серрозды менингит жұқтырған, деп хабарлайды pavlodarnews.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық қоғамдық денсаулықты сақтау департаментінің басшысы, Павлодар облысының бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Ирина Сорокина айтты.

«Аймақта менингоккокты инфекциялар бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақталды. Менингит - бұл ми мен жұлынның жұмсақ қабықтарының қабынуы. Іріңді және ұйыма болып бөлінеді.  Пневмококк, гемофильді таяқша сияқты ауыр инфекциялардың кең тараған қоздырғышы болып табылады. Көбінесе  бес жасқа дейінгі балалар арасында кездеседі.  Әсіресе,  жазғы шомылу маусымында серрозды менингит жұқтыру қауіпі жоғары болады. Сондықтан балаларды ашық су айдындары мен өзендерге, субұрқақтарға жібермеген дұрыс. Себебі, сапасы күмәнді судың астында  жүрген кезде түрлі вирусты жұқтыруы мүмкін», - дейді Ирина Сорокина.

Департамент  ұсынған мәліметке сүйенсек, өңірде 2014 жылы  серрозды (вирусты) менингиттің 296 оқиғасы, 2016 жылы - 50, 2016 жылы - 51  және 2017 жылы 12 жағдай тіркелген. Көптеген жағдайда менингит энтеровирусы сыртқы ортаға өте төзімді, яғни су құбырларында 18 күнге дейін, өзендерде бір айдай және тазартылған су көздерінде  шамамен екі ай өмір сүреді.  

Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер менингиттің алдын алу үшін жеке бас гигиенасын сақтауға кеңес берді.

«Ауруды әртүрлі жастағы адамдар жұқтыруы мүмкін. Бірақ, көбінесе балалар жиі шалдығады. Әсіресе, жаз-күз кезеңінде  сақтық танытқан жөн. Вирусты менингит жоғары қызудан басталады.  Бірінші-екінші күндері басылмайтын қатты бас ауруы, құсу, әлсіздік, кей кездері сергектік пен қозу байқалады. Жөтел, мұрынның бітелуі, тамақ пен іштің ауыруы мүмкін. Сондықтан тек қайнатылған су ішіп, балаларды шомылу кезінде суды ішпеуге үйрету қажет. Сондай-ақ, қарапайым жеке гигиена ережелерін естен шығармаған абзал. Көкөніс пен жеміс-жидекті жуып, ғимараттарды желдету, дезинфекциялық, жуу құралдарының көмегімен ылғалды тазалау жүргізу қажет» - дейді Ирина Сорокина.

Еске сала кетейік, Павлодар облысында биылғы жылы қаңтар және мамыр айларында екі бала менингокок жұқпасына шалдыққан. Бір және жеті жастағы екі бала стационарда ем қабылдап, толығымен аурудан айығып шықты. Бүлдіршіндермен байланыста болған 208 адам тексерілген.  

Соңғы жаңалықтар