Дәрігердің бойында шыдамдылық пен мейірім болуы керек - ортопед

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Адам өміріне араша түсетін дәрігерлік мамандықты таңдау үлкен жауапкершілік жүктейді. Себебі дәрігер адам анатомиясын өте терең білумен қатар, кез келген жағдайдаға дайын болуы керек. Қаннан қорықпайтын, адам тағдырына немқұрайлы қарамайтын, күйзеліске төзімді, жүйкесі мықты жан болуы қажет. Мұндай пікірді алматылық ортопед дәрігер Бибінұр Пернебаева білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Әлеуметтік оңалтуды дамытудың ғылыми-тәжірибелік орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының ортопед дәрігері Бибінұр Пернебаеваның айтуынша, медицина саласы бірнеше бағытқа бөлінеді.

«Жедел жәрдем мамандары тәуліктің кез келген уақытында науқасқа бастапқы диагнозды қойып, алғашқы медициналық көмекті көрсетіп, ауруханаға жеткізеді. Дәрігер-терапевт науқастың талдамаларын алып, оған дұрыс диагноз қойып, оны толық емдеумен айналысады. Науқастың жағдайын күнделікті бақылап, қажетті емдік шараларды қолданады. Дәрігер-хирург науқастарға түрлі дәрежедегі ота жасап, әрі қарай да бақылап, қажетті ем қолданып, олардың толық сауығып кетуін қамтамасыз етеді. Осы сияқты кете береді»,- дейді ол.

Кейіпкеріміздің медицина саласын таңдауына ең алдымен ата-анасы түрткі болған.

«Біздің кезімізде мамандық таңдауда ата-ананың рөлі ерекше болатын. Сол кісілер менің медицина саласын таңдағанымды қалады. Менің де арманым - дәрігер болу еді. Яғни, ата-анаммен ойым бір жерден шықты. Бала күнгі арманыма қол жеткізу үшін алып Алматыға келдім. С. Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің емдеу факультетіне оқуға түсіп, оны ойдағыдай аяқтадым. Алайда, бұл салаға бірден аяқ бастым деп айта алмаймын. Себебі, денсаулығыма байланысты бірнеше жыл жұмыс істемедім. Кейін өзім білім алған қарашаңырақтың көз емдеу кафедрасында аға лаборант болып жұмыс істедім»,- дейді дәрігер.

Кейін жоғарыда аталған мекемеге өзіне корсет жасату үшін келіп, осында жұмыс істеуге бел буған.

«Мен денсаулығыма байланысты осы мекемеге келдім. Нақтырақ айтқанда, корсет жасату үшін. Сол кезде мұнда білікті дәрігерлер керек екенін байқадым. Сөйтіп қайта даярлау курсынан өтіп, ортопед болдым. Осында жұмыс істеп жатқаныма сегіз жылдан асты»,-дейді ол.

Оның айтуынша, ортопед дәрігеріне үлкен жауапкершілік жүктеледі. Өмірден түңіліп, күйзеліске ұшыраған науқастарды оңалту, өмірге деген құштарлығын қайта ояту - оңай шаруа емес.

«Мәселен бізге аяғынан айырылған науқастар келеді. Яғни, протез салдыруға. Сол протезді салдырмас бұрын біз науқасты қарап, оларға қандай протез қажет екенін көреміз. Мысалы тізеден жоғары кесілсе, ол - өте қиын процесс. Десек те, барынша ыңғайлы етіп жасап беруге тырысамыз. Сол себепті дәрігерлер пациентті алдымен бізге кеңеске жібереді. Біз оның ауырлығына қарай оз ойымызды айтамыз. Әрине, шұғыл операция болмаған жағдайда. Мұнда науқастар өмірден түңіліп келеді. Әр науқаспен жеке-жеке әңгімелесеміз, олардың өмірге деген құштарлығын қайта оятуға тырысамыз. Оларға протез салып бергенде балаша қуанады. Соны көру - бізге үлкен бақыт. Шынында да біз науқастармен бірге уайымдап, солармен бірге қуанамыз»,- дейді Бибінұр Пернебаева.

Тәжірибелі дәрігердің пікірінше, ортопед дәрігердің бойында ең алдымен шыдамдылық пен мейірім болуы керек.

«Үміті үзіліп келген науқасты күйзелістен шығарып, оның жан дүниесін түсіне білуі қажет. Психологиялық тұрғыдан көмек көрсету керек. Осы жерде айта кетейін, біздің елде ортопед дәрігерлері тапшы, саусақпен санарлықтай»,- деп ойымен бөлісті дәрігер.

Сөз соңында, Бибінұр Пернебаева барша әріптестерін келе жатқан кәсіби мерекелерімен құттықтады.

«Адам өміріне араша түсетін дәрігерлік мамандықты таңдау үлкен жауапкершілік жүктейді. Себебі, дәрігер адам анатомиясын өте терең білумен қатар, кез келген жағдайға дайын болуы керек. Қаннан қорықпайтын, адам тағдырына немқұрайлы қарамайтын, күйзеліске төзімді, жүйкесі мықты жан болуы қажет. Менің ойымша, біздің медицина саласында бойында дәл осындай қасиеттері бар адамдар жұмыс істейді. Мен барша медицина қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтаймын. Дендеріне саулық, отбастарына амандық тілеймін»,- деп қорытындылады дәрігер.


Соңғы жаңалықтар