Дәрігерді таспен ұрған адам ұсталды Алматы

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы полициясы жедел жәрдем дәрігерін таспен ұрған адамды ұстады. Бұл туралы қалалық ІІД баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбек хабарлады.

«Наурызбай ауданы ІІБ қызметкерлері күдіктіні ұстады. Ол қазір түсініктеме беріп жатыр. 38 жастағы ер адам 72 сағат ішінде бұлтартпау шарасын тағайындау үшін сотқа жіберіледі», - деді қалалық ІІД басқарма басшысы Жанболат Зиадин. Айта кету керек, оқиға кеше «Таугүл» шағын ауданында болған. Орта жастағы келіншек жүрегі ауырған соң жедел жәрдем шақыртқан. Бригада дәрігерлері кардиограмма түсіріп жатқан кезде 38 жастағы ер адам таспен шүйдеден ұрған. Оған көмекке келген фельдшер де сол жерде бірнеше рет соққыға жығылады. 25 жастағы дәрігер басынан жараланып ауруханаға түсті. Дәрігерлер 4 сағат бойы басына ота жасап, гематоманы алып тастады. Әзірге оның жағдайы ауыр. Коматозды жағдайда жансақтау бөлімінде жатыр. Мамандар оның мүгедек болып қалуы мүмкін дейді. Қазіргі кезеңде аталған дерек ҚР ҚК 293-бабының 3-тармағы бойынша бірыңғай сотқа дейінгі тергеу ісі реестріне тіркелді. Тергеу жалғасып жатыр. Бұл жағдай жедел жәрдем стансасы дәрігерлерінің арасында үлкен наразылық туғызды. Олар жыл басынан бері 18 рет шабуылға тап болған. Алматылық дәрігерлер шақыртуға шығуға қорқып отырғанын жасырмады.

Соңғы жаңалықтар