Дәрігерді соққыға жыққан алматылық ертең сот алдына барады

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Дәрігерді соққыға жыққан алматылық ертең сот алдына барады. Бұл туралы қалалық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Әзірбек айтты.

Наурызбай аудандық ІІБ тергеушісі күдіктіні қамауға алу туралы өтініш жазды.

Ертең 38 жастағы ер адам бұлтартпау шарасын тағайындау үшін сот алдына жеткізіледі.

«Алғашқы процессуалды әрекеттер жасалған кезде оның әрекеті бұзақылық деп тіркелген болса, енді ҚР ҚК 106-бабының 2-тармағы бойынша адам денсаулығына қасақана нұқсан келтіру деп өзгертілді. Енді ертең ол бұлтартпау шарасын тағайындау үшін сотқа жеткізіледі. Мұны тергеушілер сұрап отыр», - деді майор С.Әзірбек.

Белгілі болғандай, бұл адам оған дейін де бұзақылық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Қазір ол өзінің іс-әрекетін мойындап отыр.

«Осыған ұқсас деректер бойынша кінәлі тұлғалар қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Өз қызметін орындап жатқан дәрігерлерге қол көтергені үшін әркім тиісті жазасын алады», - деді С.Әзірбек.

Айта кетейік, оқыс оқиға 26 қараша күні «Таугүл» шағын ауданында болған. Көмекке барған жедел жәрдем қызметінің дәрігері соққыға жығылған. Салдарынан, қазір 25 жастағы жігіт коматозды жағдайда жансақтау бөлімінде жатыр.

Айта кету керек, Алматы әкімі Бауыржан Байбек қала дәрігерлерінің жанайқайына құлақ асып, олардың басында болған жайтты өзінің жеке бақылауына алды.

Дәрігердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруге болмайды. Қала басшысы қалалық полицияға аталған деректі жан-жақты тексеріп, дәрігерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды.

Сондай-ақ, ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова мен вице-министр Елжан Біртанов та бұл оқиғаға түсініктеме берді. Олардың айтуынша, мұндай басбұзарлыққа жол беруге болмайды.

Жыл басынан бері Алматы дәрігерлеріне 18 рет шабуыл жасалған.

Соңғы жаңалықтар