Дәрігер тапшылығы, обыр бойынша алдыңғы үштікте: ШҚО медицинасындағы мәселелер қандай

None
None
ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Мәжіліс депутаттары Шығыс Қазақстан облысының дәрігерлерімен денсаулық сақтау саласын дамыту мәселелерін талқылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мәжіліс депутаттары, «Nur Otan» партиясы Фракциясының мүшелері Ерлан Саиров, Зарина Камасова және Игорь Панченко Шығыс Қазақстан облысының Өскемен қаласындағы көпсалалы онкология және хирургия орталығының ұжымымен кездесті.

Жұмыс сапары барысында олар онкологиялық орталықтың жұмысымен танысып, мамандармен кездесіп, пікір алмасты.

Биыл көпсалалы онкология және хирургия орталығына «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау мақсатында күрделі жөндеу жүргізіліп, заманауи сыртқы сәулелік терапия мен радиохирургиялық емдеудің барлық түрлерін орындайтын сызықтық үдеткіш құрылғысы орнатылған болатын.

Орталықта заманауи жабдықтармен жарақтандыруға ғана емес, сондай-ақ мамандарды даярлау мен олардың біліктілігін арттыруға да зор көңіл бөлінеді.

Атап айтқанда, 26 дәрігер Ұлыбритания, Франция, Италия, Израиль, Түркияның онкология клиникаларында тағылымдамадан өтсе, осы жылы шетелдік клиникаларда тағы 8 маманды оқыту жоспарланып отыр.

Онколог дәрігерлер консультативтік және әдістемелік көмек көрсету үшін бірқатар іс-шаралар ұйымдастыруда.

Жалпы, 2021 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Шығыс Қазақстан облысында онкологиялық аурулармен ауыратын 20 мыңнан астам тұрғын есепте тұр.

2020 жылмен салыстырғанда аурулардың саны 21,8% артқан.

- Облыс қатерлі ісікке шалдыққан науқастар саны жағынан елімізде алдыңғы үштікке енеді. Әсіресе, соңғы үш жылда Өскемен қаласындағы тұрғындар көп шалдыққан. Заман талабына сай құрылғылармен жабдықталған Онкология және хирургия орталығы өңірдегі осы мәселенің азаюына ықпал етуі тиіс,- деді Зарина Камасова.

Сонымен қатар кездесу барысында дәрігерлер халық қалаулыларына «Дәрігер мәртебесі» туралы заң қабылданса және жас дәрігерлерлерді баспанамен қамтамасыз ету мәселесі шешілсе екен деген ұсыныстарын жеткізді.

Мәжіліс депутаттары облыс аудандарындағы медициналық мекемелерге барып, ауылдық денсаулық сақтауды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударды.

Басты проблеманың бірі – кадр тапшылығы. Мысалы, Алтай ауданының ауданаралық ауруханасында 30-ға жуық маман жетіспейді.

Жас мамандар ауданда қалуы үшін салынып жатқан 60 пәтерлі үйде 20 пәтерді медицина қызметкерлеріне беруді жоспарлап отыр.

Ал, Шемонаиха ауданының Рулиха ауылына «Nur Oran» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру шеңберінде жөндеуден өткен отбасылық-дәрігерлік амбулаторияға медицина қызметкерлері көрші ауруханалардан келуге тура келеді.

Себебі, онда жұмыс істейтін тұрақты қызметкерлер жоқ.

Жергілікті билік өкілдері ауылдық жердегі денсаулық сақтауды дамытуға дайын болашақ мамандар үшін тұрғын үй мәселесін шешуге уәде берді.


Соңғы жаңалықтар