Дәрігер Наталья Утешева: Біздің ұстаным – кәсіби шеберлік, науқасқа мұқият қарау

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Осыдан жарты жыл бұрын ҚР Президенті Іс Басқармасының ауруханасында мамандандырылған пульмонология бөлімшесі ашылды. Оның құрылуына не себеп болды және бөлімшенің қызмет бағытындағы ерекшеліктері қандай? Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі пульмонология бөлімшесінің меңгерушісі, білікті дәрігер Наталья Утешевадан сұрап көрді.

- Наталья Яковлевна, пульмонология бөлімшесін ашу идеясы ертерек көтерілгені анық. Дегенмен оны тез арада құруға коронавирус пандемиясы тікелей әсер етсе керек.....

- Иә, әрине, бұл жағдай бұрын қабылданған шешімді іске асыру процесін жеделдетті. Аурухананың жаңа ғимараты ашылған бойда мамандандырылған пульмонология бөлімшесі құрылды. Бұрын бізде пульмонологиялық дерті бар науқастарға арналған тек 9 төсек-орын болатын. Оған қоса, біз терапия бөлімшесінің құрамында болдық. Пандемия біздің саламызға қатты әсер етті. Өйткені, терапия бөлімшесіне дене қызуы жоғары, вирус жұқтыру белгілері бар науқастарды қабылдай алмадық. Себебі олар коронавирус инфекциясын өзгелерге жұқтыруы мүмкін деген қауіп болды. Аталған індеттен кейін адамдардың тыныс алу органдарында аурудың ізі қалды. Сондықтан науқастарды оңалту қажет болды. Міне, карантин аяқталғаннан кейін біз тыныс алу органдарында дерті бар науқастарды оңалтумен айналыса бастадық. Біз кешенді оңалтуға кірістік. Оған білікті пульмонологтар, оңалту мамандары, иммунологтар, психотерапевттер және басқа дәрігерлер қосылды. Біздің қызметтерге деген қажеттілік пен сұраныс күрт артты. Науқастарда көптеген түсініксіз әрі сирек симптомдар пайда бола бастады. Оның ішінде тек өкпе асқынуы ғана емес, сондай-ақ жүрек, асқазан-ішек жолдары, неврологиялық дерттер бар.

Осы орайда мен ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының бас терапевті, пульмонолог, медицина ғылымдарының докторы Роза Ағубайқызы Бәкеноваға ерекше тоқталғым келеді. Мамандандырылған пульмонология бөлімшесін құру идеясы сол кісіге тиесілі. Ол біздің бөлімше республикалық респираторлық орталықтың құрамына кіруі керек деп бастама көтерді. Онда ауыр халдегі, созылмалы дерті бар науқастарға ерекше назар аударылады. Роза Ағубайқызы бұл мәселені көптеген жылдар бойы көтеріп жүрді. Ол -жалпы пульмонология мәселелеріне жаңаша көзқараспен қарайтын адам. Дәрігер Р.Бәкенова басқаратын республикалық респираторлық орталықта ең озық технологиялар, жетік диагностика, білімді бірегей жас мамандар бар. Ол бәріміздің білікті әрі заманауи дәрігер болуымыз үшін тер төгіп келеді. Ол кісінің науқастарға деген көзқарасы көпшілігіміз үшін адамдарға қызмет етудің жарқын үлгісі.

- Сіз емдеуші дәрігер және үлкен әрі күрделі бөлімшенің басшысы қызметін үйлестіру жұмыстарына қалай үлгеріп жүрсіз?

- Шын мәнінде, емдеуші дәрігердің жұмысы маған жақынырақ. Дегенмен басшының жауапкершілігін де ұмыт қалдыру мүмкін емес. Қазір біздің бөлімшеде респираторлық білімі бар, зерттеулердің барлық түрлерін жүргізе алатын 4 білікті дәрігер бар. Барлық дерлік мейірбикелер құрамы бұрынғы терапия бөлімінен ауысқан. Сондықтан біздің команда сенімді әрі тату.

Біздің бөлімше ең озық заманауи технологиялармен жабдықталған. Медбикелер мен санитарлар өздеріне жүктелген барлық міндетті жоғары жауапкершілікпен орындайды. Бөлімше меңгерушісі лауазымында менің де көп жұмысым бар: аурухананың барлық бөлімшелеріндегі науқастарға тыныс алу органдарындағы дерттер бойынша кеңес беру, қабылдау жүргізу, амбулаториялық пациенттерді тексеру. Қазір қандай да бір диагноздар алғаш рет қойылған науқастар бар. Өкінішке қарай, коронавирустан кейін өкпенің зақымдануы, туберкулез, онкологияның ерекше белгілері артып барады.

ҚР Президенті Іс Басқармасы ауруханасының мәртебесі ерекше жауапкершілік жүктейтінін де айта кету керек. Бәріміз медицина қызметкерінің этикасын барынша сақтауға міндеттіміз. Біз ұстанатын негізгі талап – кәсіби шеберлік, науқастарға мұқият қарау, оларға дауыс көтермеу. Біз негізінен мемлекеттік қызметшілер контингентіне медициналық қызмет көрсетеміз. Алайда, кейінгі кездері жоғары білікті медициналық көмекке мұқтаж ақылы пациенттер қатары көбейді. Барлық науқастар емнің нәтижесіне дән риза. Біздің пульмонология бөлімшесінің зор әлеуеті мен мүмкіндіктерін ескере отырып, ауруханаға жатқызу кезінде біз әр анамнезді талдап, науқастарды емдеу үшін оның жағдайын жан-жақты зерделеуге тырысамыз.

- Мен сіздің бөлімшеңіздің пациенті ретінде қызметтердің жоғары деңгейде екенін білемін. Сіздің мейірбикелеріңіз өте қамқор кәсіби мамандар. Көпшілік бүгінде бөлімшеде қалыптасқан жайлы орта Сіздің еңбекқорлығыңыз бен кәсіби шеберліңіздің арқасында екенін айтып жатады.

- Иә, біз тәулік бойы барлығымен байланыстамыз. Қызметкерлердің чаты бар, онда біз күндіз немесе түнгі уақытқа қарамастан. барлық мәселелерді жедел талқылаймыз. Ал басшылықтағы қызметіме келсек, бұл бағытта менің еңбек жолымда жақсы тәлімгерлер мен бастықтар болды. Тиіснше, сол кісілерден үлгі алдым.

1995 жылы Целиноград медициналық институтын және одан әрі «емдеу ісі» мамандығы бойынша резидентураны бітіріп, қалалық емханада учаскелік терапевт болып жұмыс істедім. Кейін Малиновка кентінде Қазақстанның жаңа астанасын күзететін әскери бригада құрылды. Маған сол жерден қызмет ұсынылды. Одан соң мен емханаға оралдым. Бас дәрігер Анасова Гүлжан Насырқызы маған пульмонолог болуды ұсынды. Әрине, мен келісімімді бердім. Өйткені, терапевт үшін бұл ерекше бағыт. Менің пульмонология саласындағы алғашқы тәлімгерім біздің медициналық институттың кафедра меңгерушісі, білікті дәрігер Гаркалов Константин Анатольевич болды. Оның барлық дәрістеріне қатыстым, ол кісімен өткен кездесулерден қалмадым. Константин Гаркалов маған пациенттермен өзіңді қалай ұстау керектігін, қалай сөйлесу қажет екенін және ең бастысы науқасты тыңдау мен естуді үйретті.

Атап айтқанда, науқасты дұрыс қарау, анамнезді жинау, барлық нәтижелерді салыстыру. Сіз бұл білімді оқулықтан таба алмайсыз. «Науқастың қасында отырғанда, оған адамның назары маңызы», - дейтін ол кісі. Содан кейін мен Константин Гаркаловтың ауыр жағдайдағы пациенттермен жұмыс істеу үшін түрлі мамандықтағы дәрігерлерден комиссия құрғанына куә болдым. Мен сол комиссияның хатшысы қызметін атқардым. Бұл мен үшін баға жетпес тәжірибе болды. Осылайша, Астана қалалық емханасындағы қабылдауларда 10 жыл жұмыс істедім. Қай жерде жұмыс істесем де, маған жақсы адамдар, кәсіби мамандар жолықты. Олармен осы күнге дейін хабарласып тұрамыз, бір-бірімізге кеңес береміз. 2015 жылы ҚР ПІБ ауруханасы ашылғаннан бері мен терапевт Роза Ағубайқызы Бәкенованың шақыруымен үш кезеңдік әңгімелесуден өтіп, осында жұмысқа орналастым.

- Сіз жұмысты, науқастардың жағдайын бірінші орынға қоямын деп атап өттіңіз. Бұған отбасыңыздың көзқарасы қандай?

- Шынымды айтсам, менің өмірімде жұмыс басты орында. Отбасыма, әскери қызметші бола тұра менің қызметімді түсінетін жұбайыма өте ризамын. Ол офицер болып, елге қызмет етеді, ал мен дәрігер ретінде адамдарға көмек қолын созамын. Біздің екі қызымыз бар. Тұңғышым тұрмыс құрып, бізге жиен-немере сыйлады. Бірнеше жылдан бері біз жұбайымызбен бірге демалысқа шыға алмай келеміз. Уақытымыз сәйкес келмейді. Дегенмен күнделікті өмірде біз үйдің шаруаларына толық үлгереміз. Себебі бұйрық, тәртіп - бұл біздің өмір салтымыз.

- Наталья Яковлевна, уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін рахмет! Сізге зор денсаулық, амандық тілейміз!


Соңғы жаңалықтар