Дәрігер коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцинаның тиімділігі туралы айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдар мен медицина техникасын сараптау ұлттық орталығының сарапшысы, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі халықты иммундау жөніндегі ұлттық консультативтік комиссиясының мүшесі, медицина ғылымдарының докторы, профессор Жаннат Сатыбалдиева ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында коронавирусқа қарсы иммунитет, қазақстандық вакцинаның тиімділігі және антибиотикке төзімділік туралы айтты.

«Коронавирус вирустық инфекцияларға жатады және бұл өте жұқпалы ауру. Ауырған кезде инфекциядан кейінгі иммунитет қалыптасады. Алайда ауруға шалдыққандарда иммунитеттің қанша уақытқа дейін сақталатындығы әлі белгісіз, өйткені бұл біз үшін беймәлім, жаңа вирус. Көптеген елдің ғалымдары бұл вирустың мутациялану деңгейін зерттеді. Коронавирустың мутациялану деңгейі коронавирус инфекциясына қарсы вакциналар жасауға мүмкіндік беретін дәрежеде. Қазірдің өзінде бірнеше танымал компания коронавирусқа қарсы вакцина жасап шығаруда. Ресей Федерациясы COVID-19-қа қарсы иммунопрофилактикаға арналған екі вакцина жасағанын жақсы білеміз. Қазіргі уақытта бұл вакциналарға клиникалық зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр», - дейді Жаннат Сатыбалдиева.

Қазақстанда биологиялық қауіпсіздік мәселелері бойынша ғылыми-зерттеу институты бар. Ол ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарайды. Бұл институттың мамандары классикалық әдіс бойынша коронавирус инфекциясына қарсы вакцина ойлап тапты.

«Бұл вакцина химиялық жолмен инактивтеліп, одан кейін тазартылады. Бұл - ерекше технологиялық процедура. Аталған вакцина зертханалық жануарларға жасалған клиникаға дейінгі сынақтан сәтті өтті. Бұл вакцинаның тиімді екендігі дәлелденді. Ол адам ағзасында арнайы қорғаныс иммунитетін дамыта алады. Қазіргі уақытта еріктілерге клиникалық зерттеу жүргізу басталды. Бәрі ойдағыдай болады деп үміттенеміз», - дейді дәрігер.

Жаннат Сатыбалдиеваның айтуынша, вакцина арқылы иммунитетті көтеру – медицинаның үлкен жетістігі. Сондықтан коронавирус індеті кезінде ағзаны маусымдық тұмаудан қорғау керек.

«Маусымдық тұмау – кең таралған, айтарлықтай қауіпті инфекциялық ауру. Тұмау штамдары мутацияға тез ұшырайды, сол себепті жыл сайын маусымдық тұмауға қатысты вакцинаның штамдары да өзгеріп отырады. ДДСҰ вирус циркуляциясын зерттеп, әлемдегі 80 мемлекеттен келген сынама 110 зертханада зерттеледі. Вакцина жасау мен иммунопрофилактика – медицинаның үлкен жетістігі. Вакцинаның көмегімен осындай қауіпті аурулардың алдын алуға болады. Адам ауырып қалғанның өзінде вакцинаның көмегімен жеңіл түрде ауырады. Биыл иммунопрофилактика процедурасын ерте бастап кеттік. Маған да, балаларым мен немерелеріме де маусымдық тұмауға қатысты вакцина егілген. Коронавирус індеті өршіп тұрған кезде ағзамызды маусымдық тұмаудан қорғапқалудың маңызы зор», - дейді дәрігер.

Ол вирусты аурулар кезінде антибиотик көмектеспейтінін айтты. Оның айтуынша, ДДСҰ адамзаттың денсаулығына нұқсан келтіретін 10 қауіптің біреуі – антибиотикке төзімділік екенін мәлімдеген.

«Адам ағзасының антибиотикк төзімді болуы қайғылы жағдайға әкеп соғуы мүмкін. Вирустық аурулар кезінде антибиотиктер көмектеспейді және өз бетіңмен емделіп, оны орынсыз қолданған жағдайда адам ағзасы антибиотикке төзімді болып аалды. Бұл әртүрлі аурулардың асқынуына себеп болады», - дейді Жаннат Сатыбалдиева.

Ол иммунитетті көтеру үшін салауатты өмір салтын ұстану керек екендігін айтты.

«Жеке бас гигиенасын сақтап, денені шынықтырып, дұрыс тамақтану керек. Әр адам осы ережені сақтауы керек, сонда ғана иммунитетті көтеріп, денсаулықты қадағалай аламыз. Ауырып қалған жағдайда қорқынышқа бой алдырмау керек», - дейді ол.

Оның айтуынша, әркез жеке бас қауіпсіздігін ойлаған абзал.

«Ауырған адам инфекциясын жұқтыруы мүмкін екенін естен шығармауы тиіс. Әлеуметтік қашықтықты сақтап, қауіпсіздік шараларын қолдана білуіміз керек. Медициналық масканы тағып жүруді әдетке айналдыру – өте жақсы қасиет. Осыдан көп жыл бұрын Жапонияда эпидемиологиялық маусым болып, олар көшеде де, метрода да маска тағып жүрген. Ол құбылыс ешкімді таң қалдырмаған. Қазіргі уақытта әлем бойынша осындай жағдай қалыпты дүниеге айналып кетті. Дәріхана, дүкенде масканы иегіне іле салып, әлеуметтік қашықтықты сақтамайтын адамды көрсем дәрігер ретінде көңілім құлазып қалады. Коронавирус пандемиясының екінші тоқыны болған күннің өзінде күш біріктіріп, қарапайым ережелерді сақтау арқылы бәрін жеңуге болады деп ойлаймын», - дейді Жаннат Сатыбалдиева.


Соңғы жаңалықтар