Дәрігер қателігін қылмыс деп танымау жауапкершіліктен босата ма – заң жобасы

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінде еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін заң жобасы қоғамда талқыланып жатыр. Аталған заңға енгізілетін өзгерістердің бірі дәрігер қателігін қылмыс деп тану ұғымын нақты анықтау, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Дәл осы ұғымға қатысты пікір білдірген Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығының бас директоры Айнұр Айыпханованың айтуынша, жаңа заң жобасында 13 түрлі тақырып бойынша өзгерту енгізу көзделіп отыр. Соның бірі - дәрігерлердің қылмыстық және әкімшілік тәртіпбұзушылықтарының кейбір құрамын қайта қарау.

«Мәселен, қазіргі қолданыстағы Қылмыстық кодекстің 317-бабына өзгерістер енгізіліп жатыр. Яғни, аталған кодекстің 317-бабынан «медициналық немесе фармацевтикалық қызметшiнiң кәсiптiк мiндеттерi тиiсiнше орындалмауы» деген ұғымнан «медициналық көмектiң тәртiбi мен стандарттарының сақталмауы» деген сөздерді алып тастамақпыз. Дәл осы сөздерді алып тастаудың нәтижесінде кез келген дәрігерді медициналық қызмет стандартын сақтамадың деген желеумен түрмеге қамауға шектеу қойылады», - деді ол ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Айта кетерлігі, елімізде дәрігердің күнделікті жұмысын қадағалауға негіз болатын 900-ден астам клиникалық хаттама, 30-дан астам медициналық қызмет көрсету стандарты, Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрықтары сияқты құжаттар бар.

Осындай өзгерістің нәтижесінде дәрігердің қателігін қылмыс деп тану ұғымы нақты сипатталады.

«Жалпы, дәрігердің күнделікті жұмыс барысында медициналық қызметтің стандартын немесе тәртібін орындамау деген сөздің ұғымы өте кең. Медициналық құжатты толтыру барысында тіпті тыныс белгісінен қателікке бой алдырған дәрігерді стандартты сақтамаған деп айыптауға болады. Содан келіп «шаш ал десе, бас алатын» жағдайлар болып жатады. Міне, сондықтан мағынасы шамадан тыс кең сөздерді нақты сөздермен алмастырдық. Сонымен қатар, қызметіне немқұрайды, салғырт қарау салдарынан қайғылы оқиғалар (яғни науқасқа зиян келтіру) болған жағдайда, дәрігердің жауапкершілікке тартылатындығы өзгеріссіз қалады», - деді Айнұр Айыпханова.

Соңғы жаңалықтар